Наурыз – ұлттың ұлы мұрасы
17 наурыз күні Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараға қоғам қайраткері, Ақтөбе облысының филиалы Алға қаласы мүгедектер қоғамының төрайымы Рыскүл Минбаева, Дина Қалжанова, Қаракөз Төлегенова, 85 жастағы әже Әсия Шаяхметова қонақ ретінде қатысып, ақ тілектерін білдірді. Сонымен қатар аталмыш шараға Алға қаласының тұрғындары қатысып, белсенділік танытты.
Шара барысында «Бесікке салу» рәсімі көрсетіліп, «Көтермек», «Асық ату», «Арқан тарту», «Бес тас» ұлттық ойындары ойнатылды. Кеш жүргізушісі әрбір ойынның мазмұны мен шартына тоқталды. Мерекеге жиналған көрермендер, балалар ұлттық ойындарды қызығушылықпен ойнады. Бұл ойындар ұйымшылдыққа, шапшаңдыққа, шымырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелейді.
Халқымыздың ізгі дәстүрі бесікке салу рәсімін 85 жастағы Әсия әже бар ырым-жоралғысымен көрсетіп, көрермендерге мол мағлұмат берді.
Әсия әже: « — Баланы бесікке бөлеу біздің дана халқымыз үшін қастерлі үрдістердің бірі. Бесік – өмірге келген шақалақтың қарақұлақтанып, айналаны танып-білуіне шейінгі ұйықтап демалатын төсегі. Бесік өте киелі саналады. Оны лақтыруға болмайды, тастау керек болған жағдайда оған ақтық байлап, ақ сүт тамызып, дән қосып өртеп жіберетін болған. Бос бесікті тербетпейді, оны баспайды және туысқандардан басқа адамдарға қарызға бермейді.» — деді ол.
Мерекелік шарада ұлттық тағамдар қойылған ақ дастархан жайылып, келген барлық қонақтар мен қала тұрғындары дәмнен ауыз тиді. Наурыз мерекесіне жиналған балалар өнерлерін ортаға салып, қошеметке бөленді. Сонымен қатар шара соңында шара қатысушылары далаға шығып садақ атып көріп, біраз сергіп қалды. Себебі, садақ ату – физикалық денсаулықты нығайтып, көру қабілетін жақсартады және психикалық тұрақтылықты дамытатын пайдалы спорт түрі.
Дәстүр сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарымызды ұштастыра білген осындай іс-шаралардың жиі өткізілуі ұрпақ тәрбиесінде таптырмас құрал болып есептеледі.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ