Өнер-сарқылмас қазына
ЗАМАНА БҰЛБҰЛДАРЫ
(А,Жұбановтың зерттеулері бойынша)
Қазақтың кең байтақ даласында ән салып, серілік құрып, халықтың асыл қазынысы сөз өнерін саз өнерімен тығыз байланыстырған Жаяу Мұса, Әсет Найманбаев, Ақан сері, Біржан сал секілді аяулы да ардақты өнер саңлақтарының қазақ әдебиетінің төрінен және қазақтың өнер сахнасынан алатын орны ерекше. Олар халықтың бай ауыз әдебиетін әдемі әуезді әндерімен жеткізіп отырған. Бұл аталған ақындарымыздың барлығы ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті өкілдері болып табылады. Өздері сол дәуірде өмір сүріп, халықтың мұң-мұқтажын әсем әндеріне қосып, асқан шеберлікпен жырлады. Бұл аяулы жандар қазақ әдебиетінің асқар шыңында шарықтап көрінді. Сөз өнерін саз өнерімен байланыстылығын танытқан ақындар шығармашылығы Ахмет Жұбановтың зерттеулерінде айқын да, толық көрініс табады. Мәселен, ғалымның 1975 жылы жетпіс жылдығына байланысты «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты екі томдық еңбектері басылып шығады. Бұл құнды еңбектер халықтың ғажайып өнерпаздары жайында жазылған аса қызықты, қымбат алғашқы дүниелер болып саналады. Бұндай бағалы еңбектердің жарыққа шығуының өзі қазақ өнернамасына келіп құйылған, қосылған қазына-байлықтай болды.
А.Жұбанов халықтық музыка мәдениетінің алыбы Біржан сал Қожағұлұлының шығармашылығын зерттеуге айрықша көңіл бөлген. «Біржан-қазақтың халықтық музыка мәдениетінің алыбы. Оның өмірін, шығармашылығын терең, үлкен, жан-жақты еңбек жарыққа шығару біздің бүгінгі таңдағы ардақты борышымыздың бірі. Өмірін демократиялық өнер жолына сарп еткен, өктемдікпен, жүгенсіздікпен, кертартпалықпен әні, өлеңі арқылы күресін соңғы демі біткенге дейін жүргізіп келген өнер қайраткері азамат Біржанның аты қазақ музыкасының тарихында алтынмен жазылады» — деп арқаның ардагері, ақыны, әншісі Біржан сал турасында ғалым толғана сөз қозғайды. А.Жұбанов қазақ жұртшылығына есімі әйгілі Ақан сері Қорамсаұлының жүрекжарды әндері, өлеңдері әншінің өзі өмір сүрген уақытынан мол хабардар ететінін саралап айтады. Мысалы, Ақан серінің Құлагер оқиғасы тек Атығай-Қарауыл айналасында әңгіме болып болмай, үш жүзге тегіс тараған Ақанның «Құлагер» әнінен тек Құлагердің айналасында ғана емес, ол оқиғаның сол заман қайғысы, мұңы екендігін байқауға болады. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл-күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімін тебірене жырлаған:
Серігім, жанымдағы, жақсы көрген,
Күйігін, қайран атым, қашан тарқар!…
Сен едің жан атым да, қанатым да
Табылмас енді маған сендей тұлпар!… – деген өлең жолдарында өкініш өксігі басылмаған серінің ең қимасынан айырылған жанның үзілген үмітіндей, заман озбырларына оқталған қарғысындай сарын естіледі. Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: «Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсең шамаң» дейді. «Ақанның әндері мен өлеңдері – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Оның шығармалары — әдемілік пен махаббаттың асыл өрнектері, поэтикалық образдардың сарқылмас көзі. Ақанның асыл туындылары өскелең ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына біржола еніп кетті» — деп Х.Сүйіншәлиев өз пікірін білдіреді. «Ақан серінің «Сырымбет» әні адамның жүрегін қозғайтын, жан ашуының, үлкен адамшылық, азаматтық сырларын қозғайтын шығарма. Онда ожарлықтың, өктемдіктің, қара күштің ешбір дыбысы жоқ. «Сырымбет» әні ақанның шығармалары ішінде шоқтығы биік шығармалардың бірі» — деп атақты композитор, академик А.Жұбанов Ақан серінің тамаша «Сырымбет» деген әніне құнды баға береді. Келесі бір өнер саңлақтарының бірі жан-жақты талант дарыған қазақ өнерпазы — Ә.Найманбаев. А.Жұбановтың айтуынша, ол қазақ даласына шебер ақындығымен, тамаша әншілік өнерімен танылған. Әсеттің атақты «Майда қоңыр», «Мақпал», «Қайшақпай», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Інжу-маржан» секілді тамаша әндері қазақ даласына кең жайылған. Сонымен қатар Әсет «Салиқа-Сәмен» деген поэма жазған. «Мың бір түн» ертегісінің ізімен «Үш жетім қыз» атты ұзақ өлең шығарған. Әсет Найманбайұлы – қазақ әдебиеті мен өнерінің төрінен басты орын алатын тұлғалардың бірі. Ән көгінде биіктеп, шарықтаған атақты ақын-әнші Жаяу Мұса турасында А.Жұбанов: «Жаяу Мұса музыкалық ақындық шығармашылығы жағынан аса бай, жан-жақты адам болды. Ол бір жағынан, Біржан, Абай дәстүрінде шығарса, екінші жағынан, қала музыкасының рухында әндер шығарады. Соның бәрінде де оның туындылары басынан аяғына дейін шынайы қазақ музыкасы болып қалды. … Жаяу Мұса шын мәнісінде, халық композиторы, үлкен, сауатты жан-жақты қайраткер» , — деп оның ақындығын, әншілік өнерін жоғары бағалайды.
Ақ сиса, қызыл сиса, сиса-сиса,
Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса,
Шорманның Мұстафасы атымды алып,
Атандым сол себепті «Жаяу Мұса».
Жаныма батқандықтан ашынамын,
Мен неге жаяумын деп басыламын.
Малым жоқ Шорман айдап алатұғын,
Қылығын Мұстафаның паш қыламын, — деген Жаяу Мұсаның халық аузында жатталып қалған атақты «Ақ сиса» әнінде әлеуметтік теңсіздікке деген өз наразылығын ащы күйінішпен білдіреді. Ол өзі өмір сүрген замандағы би-болыстардың іс-әрекеттері, қарапайым халықты төмендеткен қылықтарын, олардың иттей болып қалғанын мысқылмен кекеткенін мына жолдардан байқауға болады:
Ақынбет ұлы Тоқайды,
Тынышы кетіп қоқайды.
Бәшәрдені кеткен соң
Ақсақ иттей шоқайды — деген.
Қазақ сал-сері, әншілерінің ішінде ғашық болып, шын көңілімен қызға арнап оның әдемілігін, нәзіктігін шебер суреттеп, өлеңдерінде, әндерінде қоспағандары кемде-кем. Сондай бір әсерлі әндердің бірі – Жаяу Мұсаның «Гауһар қыз» әні. Бұл ән аса жұмсақ, лирикаға толы, мағыналы әуезді әндердің бірі. Осындай әндердің қатарына Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Біржан салдың «Жанботасын» ерекше атап кетуімізге болады. Бұл өлеңдерінде ақындар тек бір қызды ғана емес, бүкіл қазақ халқының әдемі де сұлу қыздарының мамықтай жұмсақ биязы мінездерін, бойларындағы асыл қасиеттерін айқын суреттейді. Сондай бір керемет, адам жанын жадыратар әндердің бірі – Балуан Шолақтың «Ғалия» әні. Бұл ән таза, мөлдір сезімнен, шын көңілден шыққан ән болып табылады. Бұл әннің сөздерін тыңдап отырғанда, Балуан Шолаққа еркелеп отырған нәзік жанды, сұлу Ғалияның бейнесі көз алдыңа келетіндей болады.
Ғалияның қолында бұйда-пышақ,
Ғалияны көрдім де жайдым құшақ.
Ғалия жатыр ма екен, отыр ма екен,
Шомылған айдын көлде аққуға ұқсап!? – деген өлең жолдарынан Балуан Шолақтың Ғалия қызға деген ыстық сезімін, ынтықтығын көруге болады. Қазақ жерінде бұл әнді білмейтін кісі аз. Мәселен, өнер ордасы Алматы қаласында өткен «Інжу-маржан» атты дәстүрлі ән кешінде қазақтың кең даласын, адамның жан тебірентерлік тамаша әндерімен баураған атақты сал-сері, әншілерінің әндері орындалған болатын. Бұндай керемет өнер мерекесінің өткізілуі – халқымыздың рухани баюына басты қадам басатын бірден-бір жолы. Осы кеште Б.Шолақтың «Ғалия» әні де орындалған. Өкінішке орай, «Ғалия» әнін қазіргі таңда орындап жүрген әншілер қатары және қарт адамдарымыз азайып бара жатыр. Бүгінде болып жататын жиын-тойларда мағынасы бар дәстүрлі әндер үнемі әдемі әуенімен орындалып жүрсе, ол әндер халық санасында мәңгілік сақталып, жастардың рухани баюына жол салар еді. Сондықтан әдебиет пен өнер саласында жүрген жандар халықтың дәстүрлі әндерін жаңа талапқа сай етіп өңдеп, рухани мұрамызды қайта жаңғыртуы керек деп ойлаймыз. Осындай мән-мағынасы бар, халықтың өнер әлемінен мол хабар беретін кештер, бағдарламалар көптеп өткізіліп тұрса, атақты сал-сері, әншілердің әндерін біздің жастарымыз үнемі жадыларында сақтап, әуенімен орындап жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Болашақ елін көркейтетін, гүлдендіретін жастарымыздың ардақты міндеті – басқа шалғайда жатқан шет елдеріне, келер ұрпаққа туған халқының мәдениетін, баға жетпес өнерін, бай ауыз әдебиетін таныстырып, бағалау, жеткізу деп білеміз. Мезгіл тұрғысынан алғанда, бізге біршама жақын заманда жасаған, сондықтан есімдері сақталуымен әжептәуір таныс сал, серілердің ақындық өнерін Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев секілді әдебиетші ғалымдар зерттесе, ал Ахмет бұл жандардың саз өнерін сөз өнерімен байланыстырғанына айрықша көңіл бөліп зерттеген. Халықтың сөз өнері мен саз өнерінің байланыстылығы жөнінде фольклортанушы ғалым Әдебиет Молдаханов: «Халық фольклорындағы сөз өнері де, саз өнері де өте ерте заманда пайда болып, тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінге жеткен халықтың ең қымбат рухани асыл мұрасы», — деп өз пікірін білдіреді.
Қазақ тарихында әдебиет пен өнердің тоғысқан саласында ерен еңбек етіп, ұлттық өнернамада ойып алар орны бар ғалым – Ахмет Жұбанов. Ғ.Мүсіреповше айтсақ, «Қазақ музыка өнерінің – Темірқазығы», көрнекті өнер қайраткері А.Жұбанов бойындағы бар күш-жігерін туған халқының өнеріне, мәдениеті мен ғылымына арнаған. Педагог, қоғам қайраткері, сазгер Дмитрий Кабалевский: «Менің ойымша, Жұбановтың өз халқының музыка мәдениеті алдында сіңірген үлкен еңбегі мынау. Қазақстан халықтық музыкасын асқан сүйіспеншілікпен зерделеген ол өз әріптестеріне, қатарластары мен шәкірттеріне әлемдік музыка мәдениетімен байланысы бар, сонымен бірге өзінің терең тамырларын халықтық, ұлттық құнарға тартатын қазіргі заманғы кәсіби музыканы игеруге көмектеседі», — деп, қазақтың өнер сахнасында ерекше орын алған алып тұлғаларымыздың бірі Ахмет Жұбановтың туған халқына, елінің мәдениетіне қосқан зор үлесі турасында толғана сыр шертеді. Өнер әлемінде Ахмет Жұбанов сынды аяулы да ардақты ұлдарымыз әнші-сазгерлердің шығармашылығына терең зерттеу жүргізбегенде, бәлкім олардың әндерін нотаға түсірмегенде, қазақ мәдениеті жұтаңдау болып қалар еді.
Сайып келгенде, Ахмет Жұбанов кезінде бағаланбай келген қазақтың сал-серілерін замана сазының лебімен қазақ халқына қайта табыстырды. Халқымен қайта қауышқандар Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Әсет Найманбаев, Балуан Шолақ сынды ақын-сазгерлердің әдеби өмірі мен қазақ өнернамасына қосқан ерен еңбегін саралай отырып, зерделейді. Ғалым, академик А.Жұбанов – қазақ ақын сазгерлік өнеріндегі алтын қордың сарқылмас қайнар көзі.
Марал САНДЫБАЙ