Өңірде “Учаске” жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр

Ақтөбе облысында қыркүйектің 1-і мен 1 қараша аралығында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен танысып, әкімшілік учаскенің проблемалық мәселелерін зерделеп және түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарды анықтау үшін барлық үй-жайлар мен ұйымдарды тексеріп, аралап шығады. Алғашқы екі аптада жүргізілген рейдтік шаралардың қорытындысы туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сүентаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 14 күн ішінде тәртіп сақшылары 24 мыңнан астам үйді аралады.

“Күн сайын облыс бойынша жедел алдын алу іс-шараларын өткізуге 400-ден астам полиция қызметкерлері жұмылдырылады, оларға қоғамдық көмекшілер мен еріктілер көмек көрсетеді. Облыс бойынша барлығы 253 993 пәтерлер және жеке үйлер бар. 14 қыркүйектегі жағдай бойынша «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында учаскелік полиция инспекторлары қосымша күштермен бірлесіп 24 мыңнан астам үйді аралады. Сонымен қатар саяжайлар мен жатақханалар да тексеріліп, ондағы тұрғындар мен студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді”-деді спикер.

Айта кетейік, рейдтік шаралармен елді мекендерден тыс орналасқан шаруа қожалықтары, қыстақтар мен жер телімдерді де қамтылады. Сондай-ақ, жедел-алдын алу шарасы аясында аула және үйлерді аралау барысында үйлердің қабырғасына боялып жазылған 10 нарко-граффит суреттері (есірткі жарнамалары) анықталып, жойылған.