ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫ ҚОРҒАУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Бүгінгі білім беру кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір оқу орнының басты міндеті. Соңғы жылдары мектептерде буллинг, яғни оқушылар арасындағы психологиялық, физикалық немесе әлеуметтік қысым көрсету деректерінің жиілеуі алаңдаушылық тудыруда. Бұл – жеке балаға ғана емес, бүкіл ұжымның тәрбиелік атмосферасына кері әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Сондықтан білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу жұмыстары жүйелі, тұрақты және кешенді түрде жүргізілуі тиіс.

Осы мақсатта 2025 жылдың 11 қарашасы күні Алға ауданы №2 Маржанбұлақ орта мектебі базасында ауданның білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтарына арналған, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен буллингтің алдын алу бойынша арнайы семинар өткізілді.

Семинар барысында буллингтің себептері мен түрлері, білім беру ұйымдарындағы алдын алу шаралары, мұғалімнің кәсіби дайындығы, ата-анамен тиімді байланыс орнату, оқушылардың құндылықтарын дамыту, сондай-ақ жедел әрекет ету алгоритмі секілді бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, түрлі жағдайлық кейстерді талдау арқылы буллингтің алдын алудың тиімді жолдарын қарастырды.

Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу – бір адамның немесе бір бөлімнің ғана жұмысы емес. Бұл – мектеп, ата-ана, оқушы және жалпы қоғамның бірлескен жауапкершілігі. Қауіпсіз, жан-жақты дамуға қолайлы орта қалыптастыру арқылы ғана біз балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ете аламыз. Әрбір білім ошағы «Қорқынышсыз мектеп» қағидатына сүйене отырып, оқушының тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасауы қажет.

Өскелең ұрпақтың бақытты, дені сау әрі еркін ойлайтын азамат болып қалыптасуы – баршамыздың ортақ міндеті.

А.С. Кангужина,

 №2 Маржанбұлақ орта мектебінің

әлеуметтік педагогы