Олжас Сүлейменов — 90 жыл
Тауларды төмендетпей, Даланы асқақтатқан ақын
Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, лингвист-ғалым, ақын, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменовтың 90 жылдық мерейтойына арналған «…Тауларды төмендетпей, Даланы асқақтатқан ақын» атты аудандық байқау жоғары деңгейде өткізілді.
Шараның басты мақсаты – көрнекті ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның әдеби мұрасын терең зерттеу, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды:
I кезең –Қатысушылар ақынның бір өлеңін (қазақ немесе орыс тілінде) мәнерлеп оқып, шығарманың мазмұны мен идеясына талдау жасады. Бұл кезеңде қатысушылардың сахна мәдениеті, дауыс ырғағы, мәтінді түсіну деңгейі бағаланды.
II кезең – Қатысушылар ақын поэмаларының тақырыптық ерекшеліктеріне тоқталып, олардың тарихи, философиялық және көркемдік мәнін ашып көрсетті. Ақын шығармаларындағы ұлттық рух, ел тағдыры, адамзаттық құндылықтар кеңінен сөз болды.
III кезең – Бұл кезеңде қатысушылар ақынның қоғамдық-саяси қызметі, ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегі, тіл мен мәдениетке қосқан үлесі туралы баяндады. Ақынның халықаралық деңгейдегі беделі мен азаматтық ұстанымы ерекше атап өтілді. Байқауға қатысушылар үлкен дайындықпен келіп, ақынның өлеңдерін тебіреніспен, жоғары шеберлікпен орындады. Әрбір үміткер шығармалардың мазмұнын терең түсініп, ой-толғамдарын нақты дәлелдермен жеткізе білді. Қатысушылардың сөз саптауы, сахнадағы еркіндігі мен шығармашылық ізденісі көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Әділ қазылар алқасының шешімімен төмендегі қатысушылар жүлделі орындарға ие болды:
Бас жүлде – Нұғманова Айжамал
(Алға қаласы, Халықтық отбасылық «Аллажар» тобының көркемдік жетекшісі)
І орын – Тұрмағамбетова Ләззат
(Алға қаласы, І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы)
ІІ орын – Есенгелдиев Ислам (Тікқайың ауылы)
Мақсотқызы Аққу (Маржанбұлақ ауылы)
ІІІ орын – Бақыткерей Бекзат (Алға қаласы)
Имамадинова Арай (Болгарка ауылы)
Берікова Көркемай (Тікқайың ауылы)
Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл байқау – ұлт руханиятының көрнекті өкілі, сөз зергері Олжас Омарұлы Сүлейменовтың шығармашылығын дәріптеуге арналған мазмұнды әрі тағылымы мол шара болды. Ақын мұрасы – ұлттың рухани байлығы. Осындай игі іс-шаралар жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ел тарихы мен мәдениетіне деген құрметін нығайта түседі.
Ж.Матеуова,
Алға аудандық орталық кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету
бөлімінің меңгерушісі