ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН БАТЫР

«Батыр туса ел ырысы» демекші, ел басына күн туғанда бойындағы қажыр-қайратын, күш-қуатын жинап, жауға қарсы шыққан ардақты соғыс ардагерлерінің есімі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Олардың ерліктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек.

Газетіміздің бүгінгі мерекелік санында Ұлы Жеңіс туының желбіреуіне өзіндік үлесін қосып, майданда денсаулығына ауыр кесірі тисе де мойымай, қайталанбас ерлік көрсеткен Алға ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса Даутов туралы айтамыз.

      Мұса Даутов 1905 жылы Алға ауданында дүниеге келген. Соғыс басталмастан бұрын Мұса ата Алға қаласындағы Химзауытының көлік цехында вагон бақылаушысы болып жұмыс істеген. 1941 жылы Алға әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылған. Ақтөбе қаласының «Жилянка» поселкесінде алты ай әскери дайындықтан өтіп, осы жылдың қыркүйек айында соғысқа аттанады. Ол Ресейдің Смоленск қаласында 8-ші атқыштар полкі, 115-ші атқыштар дивизиясының және 14-ші гвардия автоматчик жауынгері болады. Дәл осы кезеңде қанды ұрыс даласында қолынан жараланып госпитальға түседі. Емделіп шығып, соғысқа қайта аттанады. Соғыс Украина жерінде, дәлірек айтсақ Харьков маңайында және Харьковтың өзінде өтіп жатқан болатын. Жан түршігерлік ұрыс даласында Мұса Даутов 15 немістің көзін жойып, сонымен қатар соңынан жауынгерлерді ертіп, ерен ерлік көрсете біледі. Сол ұрыс барысында ол екінші рет қолынан жараланып, госпитальға тағы түседі. Жараланған қолы яғни, сол қолы жарамайтын болып, кесіп тастауға тура келеді. Сөйтіп, батыр 1943 жылы елге оралады. Көпке үлгі боларлық осы ерлігі үшін Мұса Даутов «Қызыл ту» Орденімен марапатталған. Одан бөлек жерлес батыр «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалінің де иесі.

Мереке қарсаңында біз ҰОС ардагеріның қызы Нағия Мұсақызымен хабарласып тілдескен болатынбыз. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әкесінің ерлігі туралы мақала жарық көретіндігіне қуанғанын жасырмаған Нағия апай ардақты әкесі туралы естеліктерімен бөлісті: « — Ұлы Жеңіс оңайлықпен келмеді. Қаншама қан, көз жасы төгілді. Оның артында үлкен мәңг өшпес ерлік пен қайсарлық жатқандығын жеткізгім келеді. Сондай ерліктің бір бөлшегін менің әкем жасағанын әрдайым мақтанышпен еске алып айтудан жалықпаймын. Әкем соғыстан бір қолсыз оралса да, тыным таппай еңбек етті. Алға қаласындағы Химзауытында тынбай жұмыс жасады. Біз 7 ағайындымыз, 4 қыз, 3 ұл. Анамыз Ұмсындық үй шаруасында болып, балалардың тәрбиесімен айналысты. Асқар таудай әкеміз 7 баланың қамы үшін бір қолы болмаса да, еңбек етуден еш жалыққан емес. Бау-бақша егіп, өзі кірпіш соғып үй салды. Біз де бауырларымызбен әкеміз бен анамызға көмектесіп, еңбекқор болып өстік. Әкем сонымен қатар мал өсірді. Есімде бала кезімде малға жем-шөп таусылып қалған кезде ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, тіпті қыс мезгіліндегі қатты аяздар мен борандарда жолға атшанамен шығып кететін еді. Сонда мен әкемді далада алдынан аш қасқырлар шығып талап кете ме деп қатты уайымдайтынмын. Анам айтатын жас кезінде әкем күйші, домбырашы деп. Бала кезімізде үйде радио қосылып тұрғанда күй ойнаса немесе домбырамен ән орындалса, біздерді дереу тыныштандырып, «Шуламаңдар, мына әнді тыныштықта тыңдайыншы» деп ерекше ықыласпен тыңдайтын еді. Біздерге өте мейірімді болды. Еш уақытта дауыс көтеріп сөйлемейтін. Әкеміздің Отан үшін еткен ерлігін мадақтап, әрдайым ұрпақтарымызға айтып, дәріптеп отырамыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінде ағайын-тума болып басына барып, құран бағыштап келеміз. Осы қастерлі мерекеге орай барлық балалары және көршілеріміздің атынан  әкемнің өмірінің соңына дейін тұрған Алға қаласы, бұрынғы Транспортная көшесіне туған жері үшін аянбай еткен ерлігі ескеріп, Мұса Даутов атындағы көше атауын берсе деген тілегіміз, өтінішіміз бар.  Бүгінгі өмір сүріп отырған бейбітшілік заманымыз үшін басымызды иіп барша батырлардың рухына тағзым етеміз. Еске алып, құрмет тұтамыз. Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің ұжымына әкеміз туралы мақаланың жарыққа шығуына себепкер болғандары үшін ризашылығымды білдіремін».

Алғалық Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса Даутовтан тараған ұрпақ бүгінде жапырағын жайып, өсіп-өніп, елге қызмет етуде. Батырдың Отан алдындағы жауапкершілігі, бойындағы қайсарлығы мен жігерлі күші ешқашан ұмытылмайды. Ер есімі ел есінде мәңгі қалмақ!

Марал САНДЫБАЙ