Отбасының сәні – сыйластық
Қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі – әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық. Көбіне отбасында орын алатын бұл сұмдыққа қанша жерден жол бермейміз дегенмен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. «Зорлыққа жол бермеуіміз керек» деген ұғымды бала кезінен санаға сіңіру – басты мақсаттың бірі. Нәзік жандыларға қысым жасап, әлімжеттік көрсету ер азаматқа жат қасиет. Осыны біле тұра, түсініп өскен ер бала нағыз азамат болатыны айдан анық.
Гендерлік теңсіздік денсаулық пен өмірге қауіпті мәселе. Әйел затына қиянат келтіру — билікті теріс мақсатта пайдалануды білдіреді. Ол жағымсыз нормалардан бастау алады. Әйелдер мен балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық отбасылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға тосқауыл болады.
Ауданымызда отбасылық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жүйелі түрде жұмыс жасайды. Өткен аптада осы комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде аудандық полиция бөлімінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарған жұмыстары туралы мәселе қаралды. Аудандағы ахуалды әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Зарина Даулетова баяндады.
- Бүгінгі таңда, отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда, — деді Зарина Даулетова.
Отбасы шырқын бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-бап «Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер», 73-1-баптың 1-1-бөлігі бойынша «Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіруі», 73-2 баптың 1-1-бөлігі бойынша «Ұрып–соғу» баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бүгінде, осы Заң аясында Алға ауданында А. есімді азамат мас күйінде әйелін ұрғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Көтерілген мәселе жөнінде кеңес мүшелері бірқатар ұсынысын білдірді. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықты елемеуге болмайды. Одан адам өмірі мен денсаулығына келетін зиян орасан зор.
P.S: Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырасаңыз, не болмаса туысыңыздың, құрбыңыздың, көршіңіздің зорлық-зомбылыққа ұшырағанына куә болсаңыз, бұл туралы тәулік бойы «102» жүйесіне, Алға ауданы ПБ кезекші бөліміне (871337) 4-16-02 хабарласу қажет. Сонымен қатар, Алға ауданы ПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция лейтенанты Зарина Медеубаевна Даулетова Алға ауданы полиция бөлімінің №29 кабинетінде күнделікті қабылдау жүргізеді. Инспектор: 8-778-858-12-56
Алға ауданының ПБ