Отпен ойнама – өміріңе қауіп төндіреді!
Алға ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, қала және аудан тұрғындарын жылыту маусымында қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау керектігін ескертеді.
Қыс маусымы жақындаған сайын пеш жағу, жылу құралдарын пайдалану кезеңі де басталады. Осындай уақытта өрт қауіпсіздігін сақтау — әрбір азаматтың басты міндеті. Өйткені бір сәттік бейқамдық пен немқұрайлылық үлкен қайғыға әкелуі мүмкін.
Өрттің басты себептерінің бірі — пеш пен электр құралдарын дұрыс пайдаланбау. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда қарапайым ережелерді сақтау арқылы апаттың алдын алуға болады.
Ең алдымен, мұржаларды үнемі тазалап, олардың түтінді дұрыс өткізуін қадағалау қажет. Пештерді шамадан тыс қыздырмаңыз және жиһаз бен басқа жанғыш заттарды пешке тым жақын қоюдан аулақ болыңыз.
Газдандырылған пештер мен тұрмыстық құрылғыларды пайдалану кезінде нұсқаулықтағы талаптарды қатаң сақтау қажет. Көпшілік жиі жіберетін қателік – жанып тұрған пешті, газ колонкасын немесе ас үй плитасын қараусыз қалдыру. Бұл — ең үлкен қауіп. Мұндай құралдарды ешқашан балалардың қарауына тапсыруға болмайды.
Сондай-ақ, пештің үстінде киім, аяқ киім және басқа да жанғыш заттарды кептіруге тыйым салынады. Ал сіріңке мен тұтандырғыш аспаптар міндетті түрде балалардың қолы жетпейтін жерде сақталуы тиіс.
Бір ғана ұшқын бүкіл үйді жалынға орауы мүмкін. Сондықтан әркім өз қауіпсіздігіне жауапты екенін ұмытпауы қажет.
Егер төтенше жағдай туындаса, дереу 101 немесе 112 ☎ телефондарына қоңырау шалыңыз!
Өрттің алдын алу – өзіңді, отбасыңды және көршіңді қорғау деген сөз. Ендеше, қауіпсіздік ережесін сақтау — өміріңді сақтаудың ең сенімді жолы!
Алға ауданының төтенше жағдайлар бөлімі