Патриотизм — ұрандату емес…

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

облыстық мәслихаттың депутаты, республикалық «Ауған соғысы ардагерлерінің кеңесі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ойлар мен үшін патриотизм ұғымының шынайы мәнін тағы бір мәрте айқындап берді.

Патриотизм — ұрандату да, дабыра да емес. Ол — Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезіну, нақты іспен дәлелденетін азаматтық ұстаным. Президент:«Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын» деді. Дөп сөз —осы!

Мемлекеттік рәміздерге құрмет те — шынайы патриотизмнің көрінісі. Көк Туымыздың үйде, көшеде, халықаралық жарыстар мен іс-шараларда желбіреп тұрғанын көргенде елге деген мақтаныш сезім оянады. Бұл — бірлігі бекем ұлт екеніміздің белгісі. Алайда Президент атап өткендей, «мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс». Демек, нағыз патриотизм — рәмізді ілу ғана емес, оны қадірлеу, заңды сақтау, тәртіпке бағыну.Ел Президентінің мемлекеттік рәміздерді жөнімен пайдалану туралы сөзі әр азаматқа тікелей қойылған талап деп қабылдадым.

«Таза Қазақстан» бастамасы — дабыра емес, күнделікті тәртіп пен еңбекке негізделген ұлттық ұстаным. Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан — әдемі ұран да, науқан да емес, бұл — күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі» деп нақты айтты. Тазалық көшеден емес, адамның өзінен басталады. Яғни тазалық — тек көшені сыпыру емес, ойдың, ниеттің, істің тазалығы. Таза орта — таза ой, ал таза ой адал еңбекке жетелейді. Бұл ұстанымды ұрпақ санасына сіңіру — бәріміздің ортақ парызымыз. Елді сүю тек сөзбен емес, айналаңды таза ұстаудан, өз ісіңе жауапкершілікпен қараудан көрінеді. Президенттің «Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады» деген тұжырымы — соның айғағы.

Соғысты көрген адам ретінде бейбіт елдегі ең үлкен ерлік — заңға мойынсыну, біреудің құқығын аяқасты етпеу деп білемін.

Құрылтайда айтылған заң мен тәртіпке қатысты қатаң ұстанымдар қоғамның кемелденіп келе жатқанын көрсетеді. Әр азамат өз ісіне адал, өз ортасына жауапты болса, Қазақстан шынымен де озық, өркениетті мемлекетке айналады.