Президент Жолдауы талқыланды
11 қыркүйек күні аудан әкімдігінің ғимаратында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған аудан активінің отырысы өтті.
Жиынды аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев ашып, сөз кезегін баяндамашыларға берді. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Болатбек Таңжарбайұлы білім беру, денсаулық сақтау, спорт, жастар саясаты және әлеуметтік қорғау салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ауданда цифрландыру бағытында нақты істер қолға алынған: 30 елді мекеннің 28-і сапалы интернетпен қамтылған, жаңа спутниктік байланыс жүйесін енгізу жоспарда. Білім беру мекемелерінде робототехника кабинеттері ашылып, оқушыларды ІТ бағытқа баулу жүйелі түрде жүргізілуде. Денсаулық сақтау нысандары жаңартылып, ауылдық жерлерде жаңа амбулаториялар салынуда. Сонымен бірге бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударылып, аудан тұрғындарының спортпен шұғылдану деңгейін 49 пайызға жеткізу межеленген.
Келесі баяндамашы, аудан әкімінің орынбасары Сансызбай Қалмырзаұлы, өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Оның дерегінше, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 36,8 млрд теңгені құраған. Ірі жобалардың қатарында – Сингапур инвесторларының қатысуымен цемент зауытының құрылысы, бірқатар ауылдық округтерде кемпингтер мен ет өндіру кешендерінің ашылуы бар. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің дамуы тұрақты қарқын алған: ауданда 3191 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, олардың басым бөлігі белсенді жұмыс істеп тұр.
Жарыссөз кезеңінде Алға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазұлы сөз алып, Жолдауда қамтылған отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті. Ол жас ұрпаққа дұрыс тәрбие берудің негізгі бастауы – отбасында екенін еске салды.
Алға аудандық мәслихаттың төрағасы Марат Шамшадинұлы да сөз сөйлеп, Жолдауда көрсетілген басымдықтардың барлығының түпкі мәні – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету екендігін атап өтті.
Аудан әкімі Асланбек Серікұлы қорытынды сөзінде ардагерлер мен депутаттың пікірлеріне қосылып, қазіргі таңда өскелең ұрпақтың тәртібі алаңдатушылық туғызып отырғанын айтты. Әлбетте, «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, жаһандық өзгерістер дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу – баршамыздың ортақ парызымыз екенін ұмытпауымыз керек.
Отырыстың түйіні – Жолдауда белгіленген басым бағыттарды аудан деңгейінде жүйелі жүзеге асыру. Бұл ретте цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, инвестиция тарту ғана емес, ең алдымен халықтың әл-ауқатын көтеру, отбасы институтын нығайту және жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру басты міндет болып қала бермек.
Мадина ТАЖИБЕКОВА