Қадыр ақынға арналған кеш

 Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдық мерейтойына орай «Өлеңнің тау тұлғасы Қадыр ақын» атты поэзия кеші өтті.

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, шығармалары жан тебірентерлік қасиетке ие дарын иесі, сүйікті ақындарымыздың бірі – Қадыр Мырза Әли. Ақын өлеңдерін оқи отырып, кез-келген оқырман өзінің тегін, салт-дәстүрін, халқымыздың қадір-қасиетін түсіне біледі. Оның әсіресе балаларға арналған шығармалары — жас ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанын сүюге, еңбекқорлыққа баулуда таптырмас  тәрбие құралы. Мысалы, Қадыр ақынның:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! – деген мағынасы тереңде жатқан өлең жолдары көпшілігінің санасында жаттаулы. Туған тілге деген құрметті аз ғана өлең жолдарына сыйғыза және жеткізе білген.

Ақын белгілі бір тақырыпты терең зерттеп зерделейтін жүйе жинақтарды өмірге әкелді. Олар «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой арманы», «Дала дидары», «Домбыра», «Қызыл кітап», «Мәңгі майдан», «Қылыш пен қанжар», «Заман — ай», «Алмас жерде қалмас» тағы басқа жинақтар қазақ поэзиясында бұрын – соңды болып қөрмеген құбылыс ретінде қабылданды. Ақын қаламынан әдебиеттің әр жанрына қатысты шығармалар туды. Қадыр Мырза Әли сонымен қатар философиялық шығармаға да қалам тербеген. Соның бірі — 2004 жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасында жарық көрген «Жазмыш» еңбегі. Бұл кітап -Адам атты жұмбақ жан иесінің  тағдыр талайына сын көзбен, соны көзқараспен қараған еңбек. Ол оқырманды өзіне түпсіз ұйықтай тартары да сөзсіз. Расында да, солай. Кітапты оқи отырып, осы өмірден өткен артында із қалдыра білген белгілі тұлғалардың өміріне, түрлі тылсым дүниеге еніп кеткендей күй кешесің. Өміріңе мәңгілік азық болатындай сабақ аласың. Аталмыш кітапты оқып, рухани азық алуға әбден болады.

Осындай кейінгі ұрпағына айтар қымбат ойы бар ақынға арналған кеш барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Ақынның өлеңдерін №1 Алға мектеп-бақшасының 8 сынып оқушылары мәнерлеп жатқа оқып, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қ.Үсенбеков ақынның сөзіне жазылған «Ақ Жайық» әнін орындап, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Жазушының шығармаларына арналған «Адам жанының суреткері» атты кітап көрмесі жасақталып, оқырмандарға кітапханашы А.Жолманова кеңінен таныстырып өтті. Еркін микрофон аясында кітапхананың тұрақты оқырмандары өз пікірлерін білдіріп, І.Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Л.Елеусізқызы ақын жайында естеліктер айтып, жас оқырмандарды кітап және ақын өлеңдерін оқуға шақырды. Сонымен бірге кеш қонағы №1 Алға мектеп-бақшаның қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ж.Изекенова да ақын туралы оқырмандарға мағлұмат берді.

Шара соңында халқымыздың Әнұранына айналып кеткен, Қадыр ақынның сөзіне жазылған Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін барлық қатысушылар мен көрермендер қосылып орындап, кештің шырайын аша түсті.

Қадыр ақын өзі өмірден өтсе де, артында мәңгілік өшпес мол мұрасы қалды. Тау тұлғалы ақынның бейнесі, мұрасы мәңгі жадымызда!

 

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ