Қайырымды жанға құрмет

 Қоғам қайраткері, кәсіапкер, ұстаз, Ақтөбе облысының филиалы Алға қаласының мүгедектер қоғамының төрайымы Минбаева Рыскуль Реймбергеновна Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің жаңа сатыға көтерілуіне үлкен үлес қосқан еңбекшіл жандардың ісін ел есінде қалдыру мақсатында мемлекеттің дамуына, өркендеуіне қосқан елеулі еңбегі бағаланып, Егемен елдің «Ұлт тұлғасы» кітабына еніп, аталмыш кітаптың авторы Ж.Г.Жұмабайқызының атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Газет оқырмандарына қоғам қайраткерін жақынырақ таныстырып өтсек. Рыскуль Минбаева 1970 жылы, 15 қыркүйекте Қарақалпақстан Республикасы, Тахиаташ қаласында дүниеге келген. Ұлты-қазақ. Өзінің кіндік қаны тамған жерінде білім алып, қоғамға пайдасы тиер білікті маман иесі атанады. 2006 жылы Елбасының көші-қон саясатының аясында отбасымен бірге тарихи Отаны Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Алға ауданына қоныс аударады. Өзі ІІ топ мүгедегі болса да, бір тыным таппай, жаны еңбекке, жақсылыққа, ізгілікке ұмтылуға дайын болған жан. Оның бойындағы қайсарлығы, өжеттілігімен қатар мейірімділігі, ашықтығы көптеген жандарға шуағын шашып, үміт сәулесін жаға білді. Жастайынан кәсіпкерлікке икемі болған Рыскуль ханым Есет батыр Көкіұлы ауылында анасы Зияда апаның құрметіне дүкен ашып, бұл нысанды әлеуметтік бағыттағы қызметке – мүмкіндігі шектеулі азаматарға қолдау көрсету орталығына айналдырды.

2019 жылдан бері Рыскуль Минбаева Алға қаласындағы мүгедектер қоғамының төрайымы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында аянбай тер төгіп, халықтың алғысына бөленіп келе жатқан қоғам белсендісі.

Рыскуль Реймбергеновна жұмысы мен отбасын тең дәрежеде ұстап, үлгілі жанұяның ұйытқысы бола білген, жан-жағына үлгі боларлық тұлға. Ол – сүйікті жар, аяулы ана, немерелерінің қамқор әжесі. Өмірлік жары екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде қызығын көріп отырған бақытты ата-ана.

Рыскуль Минбаева ұзақ жылдардан бері халық үшін атқарып келе жатқан еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болған. «Бопай ханша» төсбелгісі, «Еңбегі еленген» төсбелгісі, «Қоғам қайраткері» медалі, «егемен ел портреті» төсбелгісі, ҚР Құрметті азамат ордені, «Ардақты ана» төсбелгісі, Ақтөбе облысы мен Алға ауданы, қаласы әкімдігінен алған көптеген алғыс хаттар мен құрмет грамоталары бүгінгі кейіпкеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі.

Әлеуметтік қамқорлық пен қайырымдылық саласында Алға ауданы бойынша зор үлес қосып жүрген жүрегі мейірімділікке толы көрнекті қоғам қайраткері Рыскуль Реймбергеновнаны жоғары марапатымен, жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Ел үшін деп атқарып жүрген игі істеріңіздің, елеулі еңбегіңіздің жемісін көріп, үнемі биік белестерден көріне беруіңізге тілектеспіз!

Марал САНДЫБАЙ