ҚАЛАММЕН ЖАЗЫЛҒАН ҒҰМЫР
Аудандық мұражай қызметкерлері «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубында тағылымы мол іс-шара ұйымдастырды. Оқушыларға жергілікті тұлғалардың өмір жолын таныстыру арқылы олардың бойында ұлттық рух пен тарихи сананы қалыптастыру мақсатында өткен шараның басты кейіпкері – қазақ халқының мақтанышы, белгілі азамат Көбжан Жалдыбаев болды. Кеш барысында жерлес журналисттің өмірі мен еңбегі туралы қызықты деректер мен оқиғаларды мұражай қызметкерлері әсерлі баяндап, Көбжан Жалдыбаевтың тұлғалық қасиеттерінен үлгі алуға шақырды.
Тарих беттерінде есімдері алтын әріппен жазылатын тұлғалар бар. Олардың өмірі – ұрпаққа өнеге, еңбегі – ұлт игілігіне қызмет ететін мұра. Сондай дара тұлғалардың бірі – Көбжан Жалдыбаев. Қайраткер журналист, сөз өнерінің сардары, елдік пен ерліктің жаршысы болған Көбжан ағамыздың туғанына биыл 95 жыл толып отыр.
Балалық шақ: сынақ пен шыңдалу жолы
1929 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Қызылжар ауылында дүниеге келген Көбжан Жалдыбаев тағдырдың талай сынын басынан өткерді. Әкеден ерте айрылып, алты жасында жетім қалған бала өмірдің қатал мектебінен өтті. Қызылжардағы бастауыш мектепті тәмамдап, әрі қарай білімін Шалқардағы балалар үйінде жалғастырды. Соғыс жылдарында, 12 жасында, тыл жұмысына жегіліп, еңбекке ерте араласты. Сабан айдап, хат тасыды, есепшілік етті – бұл кезеңдер оның қайсарлығы мен жауапкершілігін шыңдады.
Журналистік жолдың бастауы
Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін, Көбжан Жалдыбаевтың шығармашылық өмірі басталды. Ол республикалық «Лениншіл жас» газетінің облыстардағы меншікті тілшісі болып, қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтерді. Кейін Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.
Десек те, оның есімі Алға аудандық «Жұлдыз – Звезда» газетімен тығыз байланысты. 1962 жылдан бастап, 31 жыл бойы осы газеттің бас редакторы қызметін абыроймен атқарды. Бұл кезеңде Көбжан Жалдыбаев аудан халқының әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, газетті шын мәнінде халықтың үнжариясына айналдырды.
Қаламгердің тұлғалық болмысы
Көбжан Жалдыбаевтың еңбегі тек журналистикамен шектелмеді. Ол 28 жыл бойы аудандық кеңестің депутаты болып, елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға атсалысты. Адалдық пен принципшілдік оның бойындағы басты қасиеттері еді. Аға буын өкілдерінің сөздерінен оның қай ортада болмасын, өз мәдениеттілігімен, даналығымен ерекшеленгенін білеміз. «Ағамыздың артық сөзі жоқ, қарапайымдылығы мен тазалығы – нағыз қазақтың зиялы азаматына тән қасиет еді», — дейді әріптестері.
Мұра мен марапат
Көбжан ағамыздың еңбегі жоғары бағаланды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, «КСРО баспасөз үздігі» атағымен марапатталды. Ал шығармашылық мұрасына келсек, оның редакциялаған «Ризамыз, Сізге бабалар, рахмет Сізге, ағалар» кітабы оқырманның жоғары бағасын алған еңбектерінің бірі.
P.S: Көбжан Жалдыбаевтың есімі тек аудан көлемінде ғана емес, облыс, республика деңгейінде де құрметпен аталады. Оның өнегелі өмірі – болашақ ұрпаққа үлгі. Алға аудандық «Жұлдыз — Звезда» газетінің алтын дәуірі, шын мәнінде, Көбжан Жалдыбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Бүгінде біз оның қалдырған мұрасын құрметпен еске алып, шығармашылық пен азаматтық тұлғасын ұлықтаймыз. Бұл – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Көбжан Жалдыбаев – қаламымен халықтың жүрегіне жол салған тұлға. Оның ғибратты ғұмыры мен еңбегі әр қазақ үшін өнеге болып қала бермек.
Мадина ТАЖИБЕКОВА