31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Зұлмат жылдардың қазақ халқының тағдырына қаншалықты ауыр тигенін бүгінгі ұрпақ біліп өсуі керек. Жыл сайын еліміз бойынша дәл осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, бүгінгідей бейбіт, тыныш заман сыйлағандары үшін шын көңілден алғыс білдіреміз, қарыздармыз. Жазықсыздан жазықсыз «халық жауы» атанғандардың тағдырын ешқашан келешекте ешкімге бермесін дейміз. Себебі, олардың сол кезде көрген қорлықтары ауызбен айтып жеткізе алмайтындай дәрежеде өте қиын болды. 2017 жылы «Қазақстан ұлттық арнасының» тапсырысымен сонау солақай саясаттың кесірінен тас-талқан болған тағдырлар туралы түсірілген «Алжир» Қармен жуылған қан» атты көркемфильмі көрерменге алғаш рет жол тартқан болатын. Біреу білсе, біреу білмес осы аталған фильмді көріп шығуға кеңес береміз. Көзге жас алмай қарау мүмкін емес. Газетіміздің бүгінгі санында фильмнің қысқаша мазмұнына тоқталуды жөн көрдік.
Тарихи туынды саяси қуғын-сүргін құрбандарының 80 жылдығына орай түсірілген фильмнің қоюшы режиссері Әнуар Райбаев, басты рөлдерді сомдағандар: Светлана Фортуна, Қобыланды Болат, Анна Старченко және т.б. Фильм Светлана есімді бойжеткен Ресейден Қазақстанның бас қаласы Астанаға әжесі Надежда Васильеваның аманатын орындауға келуімен басталады. Ол аманатта, сонау қылышынан қан тамған сұрапыл жылдары (1937-1953 жж.) «АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) лагері тұтқыны болған, оның анасы Екатерина және әжесі Светлана Райкинахты аштық пен ажалдан, т.б. көптеген қиындықтан қорықпай аман алып қалған Әлихан Сейдахметов деген сол кездегі «АЛЖИР» лагерінде қатардағы жауынгерлік қызметін атқарған қазақ жігітін табу еді. Светлана әжесінің жазған күнделігіне сүйене отырып, бұрынғы «АЛЖИР» лагері маңындағы көптеген ауылдың бірінен сол кісіні іздеп табады. Ол – бүгінгі күні жасы тоқсаннан асқан ауыл ақсақалы. Светлана мен қарт Әлихан екеуі бүкіл фильм бойы, азапта өткен сонау сұрапыл жылдарды еске алып, қайта бастан кешеді.
Ануар Райбаев, фильмнің қоюшы режиссері:
Режиссер ретінде фильм тарихи жанрдағы менің алғашқы туындым деп айтуға болады. Фильмді аз уақыттың ішінде түсірдік. Туындыда басты көрсеткіміз, айтқымыз келгені – сол тарихта орын алған ащы шындықты халыққа сол күйінде жеткізе білу, көрген қиыншылық, азаптарын үтір-нүктесіне дейін бұлжытпай көрсету. Фильм сонысымен де ерекшеленеді. Тарихи мазмұны мен сапасы жағына келсек, шынын айту керек уақыт тығыз болғандықтан тарихқа толық шолу жасап, үңілдік деп айта алмаймын, дегенмен деректі құжаттар мен арнайы мамандар кеңестерін алдық. Фильм Ақмола (АЛЖИР) және Қарағанды (Карлаг) облыстарында түсірілді. Қорыта келе айтарым, біздің киноөнерде осы секілді ел басынан өткен оқиғаларды баяндайтын туындылардың санын көбейтуіміз керек. Себебі, біздің тарихымыз терең және тұнып тұрған орман, оны халыққа болған оқиға ізімен жеткізудің бір жолы осындай.
Бұл фильмде Сарыарқа даласында бүкіл КСРО мемлекетінен келген «халық жаулары» аталған ел жайсаңдарының жұбайлары мен балаларының «АЛЖИР» лагерінде ажалмен арпалысып өткен өмірі мен тауқыметі, тағдыры баяндалады. Көптеген күндер бойы пойызбен жол жүріп, күздің, қыстың қара суығында Ақмола жеріне келіп, шағын темір жол торабынан ит жетектеген солдаттардың айдауымен екі қатар темір тормен қоршалған лагерьге келгенде әйелдердің зәресі ұшады. Өйткені, ол лагерьдің басшысы НКВД майоры Головановтың лагерьге орнатқан тәртібі тым қатал еді. Ол лагерьге келген тұтқындарды келген күннен бастап ұрып-соғып, қорлап-зорлап, асқан қатыгездікпен тәртіпке бағындырған. Ал, көнбегендерді зынданға тастайтын болған. Ең сұмдығы – солдаттардың зорлауымен бойына нәресте біткен аналарға да еш аяушылық болмады. Лагерь тұтқындары емшектегі баласын арқалап жүріп, шала емізіп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Өйткені, күндік нормасын орындамаса, тамақ берілмейтін еді. Нәтижесінде, темір тордың арғы жағында дүниеге келген нәрестелердің жартысынан көбісі аштықтан, аурудан көз жұмды. Сол лагерьде туған балаларды үш жасқа толысымен-ақ, аналарынан шырылдатып айырып, аты-жөндерін өзгертіп балалар үйіне жіберіп отырған. Лагерь маңындағы жақын ауыл тұрғындары тұтқындарды аяп, үйлерінен өздері жарымай отырса да аз-аздан тамақ тасып отырды. Бастарына қауіп төнгеніне қарамастан оларға кішкене болса да жақсылық жасауға асықты. Өйткені, сол кездегі қазақ аштықтың не екенін жақсы білді. Себебі, ел басынан талай халықты жалмаған ашаршылық өткен болатын.
Қобыланды Болат, басты рөлді сомдаған актер:
- Менің кейіпкерім өзіме жақын болды, Себебі Әлихан (лагерьде оны орыстар Алеша деп атаған) жанашыр, бауырмал, ұлтқа-дінге бөлінбейтін, сондай қиын-қыстау заманның өзінде өзге ұлт өкілдеріне қолынан келгенше көмектесіп, қол ұшын созып тұрды. Бұны ерлік деп бағалауға болады, себебі ол әскери адам болғандықтан, сезімге, жанашырлыққа жол бермеу керек-тұғын, берілген бұйрықты бұлжытпай орындау қажет. Соған қарамастан ол әскери міндетінен гөрі азаматтық парызын жоғары қойды. Менің негізгі мақсатым да сол – қаншама зұлым заман болса да, мейірім бар екенін көрсете білу, көрерменге жеткізе білу. Фильмге түсуде өте зор жауапкершілікті сезіндім, олай дейтінім, бұл – менің елімнің, халқымның тағдыры. Ең бастысы тарихымызды, өткенімізді ұмытпау қажет екенін тағы бір түсіндім, себебі бүгінгі бейбіт заманның есебін кешегі ата-бабаларымыздың қанымен келгенін әрбір адам түйсіну керек-ақ.
Түрме басшысы, майор Г.Головановтың қаһарынан қаймықпай тұтқындарға қолынан келгенше көмек көрсете білген жас жігіт, қатардағы жауынгер Әлихан Сейдахметовтың батылдығы Светлананы таң қалдыратын. Ол қақаған қыстың күнінде дүниеге келген перзентті аман алып қалу үшін басын қатерге тікті. Батылдық, адамгершілік, мейірімділік секілді ұлы қасиеттер көркемфильмде айқын көрініс тапқан.
P.S.: Бұл фильмді көрген кез-келген көрерменнің жүрегі сыздамай тұра алмайды. Фильм Ақмола, Қарағанды облыстарында түсірілген. «АЛЖИР» фильмін көргеннен кейінгі түйетін ой – бүгінгідей бейбіт, ашық аспан астында, еш алаңсыз, зорлық-зомбылықсыз ғұмыр кешіп жатқанымызды басты байлық деп санап, бағалай білу. Туған жеріміздің азаттығы үшін жандарын пида еткен ата-бабаларымыздың жасаған ерліктері, Алаш қайраткерлерінің қалдырған мол мұрасы өте қымбат.
Марал САНДЫБАЙ