Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп мәселелері талқыланды

Алға аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалында Жаңа жыл мерекесі кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу өтті. Оған Алға қаласының әкімдігі, аудандық ішкі істер бөлімі және төтенше жағдай бөлімі өкілдері қатысты.

Кездесу барысында ойын-сауық, мейрамхана, кафе, сауда орындарындағы құқықбұзушылықтар мен өрт қауіпсіздігі шаралары талқыланды. Алға ауданы ПБ Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Оңайбай Мұратбек құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін мекемелерде ішімдік пен есірткіге қатысты бақылау мен шектеулер енгізу қажеттігін атап өтті.

Төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Диана Жолмагамбетова жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, эвакуация жолдарын қамтамасыз ету және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.

Қала әкімдігінің өкілі Қазбек Мамытханов пен аудандық кәсіпкерлер палатасы директоры Бернияз Длимов қауіпсіздікті бірінші орынға қою керектігін, ал қоғамдық тәртіпті сақтау үшін азаматтар мен мекеме қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпкерлерге жаңа жыл мерекесінде жауапкершілікпен қарау ұсынылды.

 

Гүлім КЕНЕШОВА