Қазақстан-Түрікменстанның сауда-экономикалық ынтымақастығын күшейтуге елеулі әлеует бар — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Түрікменстан экономикасына 150 млн доллардан астам инвестиция салды. Бұл туралы Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Фото: Ақорда
— Сіздің мемлекетаралық сапарыңызға айрықша мән беремін. Ол жан-жақты мемлекетаралық байланыстарымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Көп ғасырлық достыққа, тату көршілікке, ортақ мәдени әрі тарихи құндылықтарға сүйене отырып, Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқан берік әрі үйлесімді қатынастар орнатты. Біз бұл байланыстарды жан-жақты нығайту үшін барлық күш-жігерімізді одан әрі жұмсауға ниеттіміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі мемлекет арасында барлық деңгейде белсенді және нәтижелі өзара іс-қимыл жолға қойылған. Үкіметтер арасында жұмыс жүргізіліп, ведомствоаралық байланыстар күшейіп келеді. Көпжақты құрылымдар мен тетіктер аясында тиімді ынтымақтастық орнатылған. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ортақ ұстаным мен ұқсас көзқарас бар.
— Жеке келіссөздеріміз барысында екіжақты ынтымақтастығымыздың өзекті тақырыптарын жан-жақты талқыладық. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылға келер болсақ, біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударуға келістік. Соңғы бес жыл ішінде өзара сауда көлемі төрт еседен аса өсіп, бүгінде жарты миллиард доллардан асты. Биыл да оң көрсеткіштер сақталып отыр. Түрікмен капиталының қатысуымен жұмыс істейтін шамамен 140 компания сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Олар Қазақстанда табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстанның Түрікменстан экономикасына салған инвестициялары 120 миллион доллардан асып түсті. Қазақстан Үкіметіне екі ел бизнесіне қажетті қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілген. Сонымен қатар, біздің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығымызды одан әрі күшейту үшін елеулі әлеует сақталып отыр. Өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салаларда бірқатар жоба іске асырылу кезеңінде. Энергетика саласында, әсіресе газ секторында ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Бұл мәселені қазір талқыладық. Өзекеті саналатын мәселелерге ораламыз деп ойлаймын, — деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентін Ақордада қарсы алғанын жазған едік.
Тегтер:
Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Түрікменстан
Экономика
https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-turkmenstannin-sauda-ekonomikalik-intimakastigin-kusheytuge-eleul-aleuet-bar-tokaev-ff4a2b/