Қоғамдық кеңес отырысы өтті
Осы аптаның сәрсенбісінде Алға аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізілді.
Бұл жолғы бас қосуда ауданның төрт округ әкімінің Қарабұлақ, Қарағаш, Қарақұдық, Сарықобда округтерінің, аудандық жер бөлімінің есептері және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Б.Жаналиннің есебі тыңдалды.
Қойылған сауалдар мен ұсыныстар көп болды. Мысалы, Қарақобда ауылдық округінің әкімі Абат Қайратұлына ауылдағы қоғамдық қауымдастыққа байланысты сауал қойылды. Ал Қарағаш ауылдық округінің әкімі Ғалым Каратаевқа округтегі мәдениет саласындағы кемшіліктерге назар аудару керектігі жайлы сын айтылды.
Аудандық жер бөлімі ағымдағы жылы біраз жұмыс атқарған екен, алайда пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылғанымен, өткен жылғы, биылғы, сол бойы тұр. Қоғамдық кеңес мүшелері сол жерді округ тұрғындарына жайылымға беруге немесе жер қажет шаруа қожалықтарына беру туралы ұсыныс жасады.
Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Б.Жаналинге ауданда аймақтық көлемдегі іс- шара өткізу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды. Сондай-ақ, Алға аудандық кеңесі атынан Астанада 15-20 қазан аралығында өткен қоғамдық кеңестер жұмысына арналған Азаматтық форумға қатысқан қоғамдық кеңес мүшесі Шара Елеусіздің форумда қаралған мәселелер туралы хабарламасы тыңдалды.
Ш.Балғабаева,
қоғамдық кеңес мүшесі