Сапар аясында депутат «Алға-Жылу» мемлекеттік кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен және «Ақтөбе Цем» ЖШС цемент зауытының құрылыс алаңымен танысты.

Ауданда күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйі – тұрғындардың мәдени-рухани өмірін дамытуға бағытталған маңызды қоғамдық нысан. Мұнда халықтың бос уақыты тиімді ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға басымдық беріледі. Бүгінде аудан бойынша 43 клубтық құрылым тұрақты жұмыс істейді.

Сонымен қатар, ауданда «АқтөбеЦем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа цемент зауытын салу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 120 млрд теңге. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 2 млн тонна цемент өндіруге мүмкіндік береді. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.

Еңбек ұжымдарымен кездесу барысында Қазыбек Әлішев Мәжіліс қабырғасында қабылданған заңдар туралы ақпарат беріп, олардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын саралады. Сондай-ақ тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.