Жаңа жылды қарсы алудың қалыптасқан өз дәстүрлері бар. Көп жағдайда бұл шыршалар безендіріліп, әр баланың асыға күтетін басты мерекесі. Сыйлығын арқалап Аяз ата, оған еріп Ақшақар жүреді. Қоғамдық орындарда, мектептерде, балабақшаларда осылайша басталған Жаңа жылды тойлау рәсімдері жыл келер сәтте отбасы мерекесіне айналады.  Әркім өз үйіне асығып, бала-шағасының ортасында болғысы келеді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық дайындап, аста-төк дастарқан жаяды. Бұл — жыл басын құрметтеу. Арамызда «Жаңа жылды қалай қарсы алсаңыз, жыл солай өтеді» дейтін ырымға сенетіндер де аз емес. Жалпы, жылды қарсы алудың жазылып қалған нақты тәртібі жоқ. Әркім өзінше қарсы алып жатады. Балдырғандарды сиқырлы ертегілер әлеміне жетелейтін бұл күн биыл да бүлдіршіндерде ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай аталып өтті.

Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Жаңа жылдық шараға аудан әкімі Нұрбол Бақытжанұлы мен Алға қаласының әкімі Нұрбол Исенкелдіұлы қатысып, Алға қаласындағы облыстық Оңалту орталығының балаларына жаңа жылдық мерекесімен құттықтады. Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін мерекелерінің бірі екендігін атап айтқан олар ыстық лебіздерін білдірді.

Шырша шамын жағуға жиналған балалар Аяз ата мен Ақшақарды ерекше қуанышпен қарсы алып, түрлі қойылымдағы ән мен би өнерін тамашалады. Әсем әннің ырғағына еріп, би билеген балақайлар, кештің қонағы болып келген ертегі кейіпкерлерімен шыршаны айналып, дайындаған өнерлерін ортаға салды.

Жаңа жылдың басты сәні – жасыл шыршаны айналған балаларға тосыннан сый тарту. Ескі жылды ризашылықпен шығарып салған балақайлар жыл басы – қоян жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ертегі желісіндегі мән мен ән, талғам мен сән де әдеттегі қойылымдардан өзгешеленген бұл думан көптің көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.

Құттықтау сөз кезегінде аудан басшысы Оңалту орталығына тұрақты демеушілік көмек көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстап, балақайларға мерекелік сыйлықтарын ұсынды.

Осы тұста, Жаңа жыл мерекесімен Алға ауданы полиция бөлімінің басшысы мен жеке құрамы тәттілер мен естелік сыйлықтар алып, Оңалту орталығының ерекше бүлдіршіндерін келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілектері мен арнайы мерекелік сыйлықтар табыстап қайтты.