ҚЫЗ БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ
Баланың денсаулығы – әрбір ата-ана үшін ең қымбат байлық. Әсіресе қыз балалардың өсіп-жетілу кезеңінде дұрыс тамақтануы мен жеке бас гигиенасына көңіл бөлу – болашақтағы денсаулықтың кепілі.
Қызы баланың тамақтануы
Баланың дұрыс тамақтануы оның бойының өсіп, ақыл-ойының дамуына, иммунитетінің күшеюіне әсер етеді.
Қыз бала ағзасына қажет негізгі тағамдық топтар:
- Көкөніс пен жемістер – дәрумендер мен минералдардың негізгі көзі. Күніне кемінде 4–5 рет қолдану ұсынылады.
- Сүт өнімдері (айран, сүзбе, ірімшік, йогурт) – сүйек пен тістің мықты болуына қажет кальций береді.
- Ет, балық, жұмыртқа – ақуызға бай тағамдар. Олар бұлшықет пен қан құрамын жақсартады.
- Дәнді дақылдар, нан, жармалар – энергия көзі. Қарақұмық, сұлы, күріш – ас қорытуға пайдалы.
- Су – бала күн сайын жеткілікті мөлшерде (1–1,5 литр) таза су ішуі керек.
Қыз балалардың тәтті тағамдарға әуестігін шектеп, газды сусындар мен фаст-фудтан қорғау маңызды. Бұл артық салмақ пен ас қорыту жүйесі ауруларының алдын алады.
Жеке бас гигиенасы
Жеке бас гигиенасы – қыз баланың өзін-өзі күтіп, денсаулығын сақтауының негізі.
- Қол жуу – тамақ ішер алдында, ойыннан кейін және дәретханадан соң міндетті.
- Тіс күтімі – күніне 2 рет тіс пастасы мен щетка арқылы тазалау қажет.
- Шаш пен тырнақ күтімі – таза әрі ұқыпты болуы қыздың өзіне деген сенімін арттырады.
- Киім тазалығы – ішкиім мен киімді күнделікті ауыстыру керек.
- Жеке заттарды бөліспеу – тарақ, сүлгі, тіс щеткасы әр балада жеке болуы тиіс.
Ерте жастан бастап қыз балаға тазалық мәдениетін үйрету – оның болашақта дені сау, сымбатты әрі әдемі болып өсуіне ықпал етеді.
Қыз баланың денсаулығына ерекше мән беру – ата-ананың да, медицина қызметкерлерінің де басты міндеті. Дұрыс тамақтану мен жеке бас гигиенасын сақтау – болашақта әйел ретінде дені сау ана, ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға болып қалыптасуының негізі.
М.Сейілханова,
Алға аудандық СӨС дәрігері