Қызылша ауруының алдын-алу

 Қызылша-дене қызуының көтерілуімен, ағзаның улануымен, жоғары тыныс жолдарының зақымдануымен және денеде қызыл дақтардың пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.

Жұқпа көзі қызылшамен ауырған адам болып табылады. Ол аурудың бастапқы белгілері білінбей  тұрып 2 күн бұрын және  денеге бөртпе түскеннен кейін 5 күн бойы жұқпа таратуға бейім.

Қызылша вирусы тыныс жолдары жасушаларының кілегейлі қабығына еніп, сол жерде көбейіп одан әрі қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды.

  Ауру дене қызуының 38-39 дейін көтеріліп, мұрынның бітелуі, тамақтың қарлығуы, бас ауруы, құрғақ  қатты жөтел, жарыққа көз ашалмау, жалпы делсалдық пен ұйқының бұзылуымен дамиды. Бет пен қабақтың үстінің ісінуі, көздің, ауыз қуысының  кілегейлі қабығының қызаруы пайда болады. Аурудың 2-3 күнінде  ауыздың ішінде жақтың шырышты қабатында кішкетай шамасы 1мм қызыл шырышты қабаттан сәл көтеріліп тұратын ақ ұсақ дақтар пайда болады ( Бельский- Филатов-Коплик  дағы).

Әдетте олар топтанып еш уақытта бір біріне қосылмайды, және  2- 3 күн сақталып сосын жойылады. 4-ші тәулікте құлақтың сыртында, мұрынның үстінде, содан соң тәулік ішінде бүкіл бет терісінде, мойында және кеуденің жоғарғы бөлігінде ашық қызыл немесе қызыл түсті дақтар пайда болып, олар бірнеше сағаттан соң үлкейіп жиегтері тегіс емес,бір біріне қосылған үлкен қан қызыл дақтарға айналады.5-ші тәулікте дақтар денеге және қолға , ал 6-шы тәулікте аяққа жайылады.  Беттегі дақтардың бір бірімен қосылып үлкейюіне байланысты бет ісініп, қабақ қалыңдап, адамның беті дөрекіленіп бет әлпеті өзгеріп кетеді.

Дақтар түсу кезеңінде дене қызуы 400С көтеріліп,тыныс жолдарының қабынуы күшейіп, аурудың жалпы жағдайы нашарлайды.  Дақтар түсу кезеңнің 2-3 күнінде дене қызуы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, содан соң жылдам қалыпты жағдайға түсіп, ауру сауыға бастайды.Дақтар 3-4 күнге дейін сақталып ағара бастайды сосын қоңыр немесе сарғылт түстес болып, бастапқы пайда болған кезеңмен жойылады, түсінің жойылуы мен қатар терінің қабыршақтануы мүмкін.

Аурудың алдын алудың сенімді жолы- қызылшаға қарсы екпе алу (вакцинация).

ҚР ұлттық  күнтізбесіне  сәйкес  қызылшаға  қарсы  бірінші  вакцинация  құрамында  антигендер қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке (ҚҚП) қарсы  құрама вакцинамен 12-15 айда жүргізіледі.Иммунитетті бекіту үшін келесі вакцинациялау 6  жасында жүзеге асырылады. Сондай-ақ қызылшамен қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі.

Егерде балаңыз екпе алмаған жағдайда, қызылша ауруын жұқтыратын болса асқыну жағдайларына келіп соқтыруы мүмкін.

Өкпе қабынуы пневмония, құлақ (отит), мұрын шырышты қабатының, көздің және  нерв жүйесінің қабынуларына , энцефалиттер, кей кезде тіпті ауру өлімге  әкеп соқтыруы мүмкін.

 Ең алдымен баланың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру қажет. Вакцинация болмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу.

Егер бала әр түрлі себептерге байланысты вакцинацияланбаған болса, оны адамдар көп жиналатын жерлерде болуын шектеуге кеңес береміз.

Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, яғни дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, денеде бөртпенің пайда болуы кезінде дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Н.Утегенов,

 Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы