Ел өркендеуінің негізі – бірлік

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында еліміздің дамуының басты алғышарты ретінде халықтың бірлігін атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі түбегейлі өзгерістер жағдайында елімізді күтіп тұрған ауқымды жұмыстар мен сын-қатерлер туралы сөз қозғады.
«Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек», — деді Президент. Ол атап өткендей, мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді. Елдің даму жолы айқын, биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. «Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет», — деді Тоқаев.
Халықтың бірлігі – ел өркендеуінің берік негізі. Бірлік бар жерде, тыныштық пен бейбіт өмір орнайды. Ал бейбіт өмір – бақ-берекенің бастауы. Дана халқымыз: «Байлық байлық емес, бірлік — байлық» деп бекер айтпаған. Тыныштықты бұзбау, бөлінбеу, бейбіт елге бүлікшілік әкелмеу, халық арасына іріткі салмау — бұл қасиетті Құранда да жиі айтылатын Алла тағала бұйрық еткен іс. Бабаларымыз да осы жолды ұстанып, ұрпақтарына бейбітшілікті мұра етіп қалдырды.
Президенттің айтуынша, «Біз берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз». Бұл сөздер біздің елдің тарихындағы қиын-қыстау кезеңдерден өткенімізді еске салады. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы – біздің ең басты күшіміз. Лайым, алда да солай бола бергей дейміз.
Қазіргі таңда Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мен мақсаттарды орындау үшін, әрбір азаматтың бірлікті сақтауына, бір-біріне қолдау көрсетуіне, қоғамдағы тыныштықты, бейбітшілікті қорғауға дайын болуы қажет. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Елдің өркендеуі үшін бірігіп, қолдау көрсетіп, мемлекетіміздің тұрақтылығын қамтамасыз ету – баршамыздың міндетіміз. Тек бірлікте ғана біз ең жоғары мақсаттарға жетіп, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыра аламыз.
Сонымен қатар, 6 қазан деп белгілеген Референдумның да маңыздылығы бөлек. АЭС салу тақырыбы да еліміз ұшін өзекті.

Д.Есенова,

Тамды орта мектебі директорының

оқу жұмысы жөніндегі орынбасары