Рухы мен ынтымағы жарасқан ауыл

Сарықобда ауылдық округінің мерекелік концерттік бағдарламасы ауылдың бай тарихын, мәдениетін және өнерлі азаматтарын дәріптейтін тамаша кешті бейнеледі. Іс-шараның негізін ұлттық әндер, билер, ауыл тұрғындарының өнері және жергілікті шеберлер мен кәсіпкерлердің өнімдерін насихаттады. Мерекелік шара барысында ауыл тынысы таныстырылып, спорттық жетістіктер аталды.

 Ақтөбе облысының 155 жылдығы мен жергілікті ақын, жазушы Ізтай Мәмбетовтың 95 жылдығына орайластырылып өткізілген мерекелік шарада

Із ағамызға арналған бұрыш жасақталып, өлеңдері оқылып, аяулы қаламыз Ақтөбеге арналып ән шырқалды. Шара барысында ауылдың тыныс-тіршілігі мен өмір салты барынша көрініс тапты. Көрмелер мен жәрмеңкелерде ауыл шаруашылық өнімдері мен қолөнер бұйымдары таныстырылып, қонақтарға ауылдың табиғи байлығы мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік туды. Жергілікті кәсіпкерлердің өз қолынан шыққан табиғи өнімдері келушілердің көңілінен шықты.

 Дала дәмі мен дәстүрі

Жәрмеңкеде сүт және ет өнімдері үлкен сұранысқа ие болды. Мәселен, ЖК «Айару», «Мансур» ЖК, «Муталиев А» ЖК келушілерге ірімшік, сүзбе, қайнатылған құрт, май құрт, балқаймақ, сары май, айран, көже, ешкі сүті, қуырдақ, тұқымдас тауықтардың жұмыртқалары сынды жоғары сапалы табиғи өнімдерін ұсынды. Сонымен қатар, «Эко-Өнім» кәсіпорны 10 кг құлпынай әкеліп, келушілерге 250 грамдық стақандарға салып тегін таратты. ЖК «Жиенаева» наубайханасынан да түрлі тәтті-тоқаштар мен кондитерлік өнімдер келушілер назарына ұсынылды. Сөзімізді түйіндей келе, сарықобдалықтардың жәрмеңкесінде алғалықтарға сүт өнімдерінен 4-5 келі сүзбе, 4 келі ешкі сүті, қайнатылған құрт, ірімшік және май құрт, 12 литр көже ұсынылды. Сонымен қатар жәрмеңкеге 70 дана жұмыртқа, 10 келі құлпынай және 50 жуық кондитерлік өнімдер қойылды.

Шара барысында көненің көзіне айналған қамшы тоқу өнері ерекше бағаланды. Бұл өнердің нағыз шебері, Сарықобдалық Нұрым Сұлтановтың қолынан шыққан қамшылар көпшіліктің назарын аударып, алғалықтарды тәнті етті. Нұрым Сұлтановтың қамшы тоқу өнері өзінің шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге деген зор ықыласымен де ерекшеленеді. Оның қолынан шыққан әрбір қамшы тек әдемі бұйым ғана емес, сонымен қатар ата-бабадан қалған мұраның айқын көрінісі. Ауыл күндері барысында алғалықтар Нұрым ағайдың қолөнер туындыларымен танысып, оның ерекше шеберлігін жоғары бағалады. Қамшы тоқу өнері арқылы ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігін сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізу маңызды екенін түсіндірген Нұрым Амангелдіұлы, ауыл тұрғындарына өз өнерін көрсету арқылы қазақтың бай мәдениетіне деген құрметін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, сарықобдалық қолөнер шебері Бишекенова Гулимай Жубандыковна өз қолымен жасаған бұйымдарын көрсетті. Ісмер келіншектің ұсынған бұйымдардың ішінде аққу жастық, ши құрақ қонақ көрпе, сегіз жапырақ қонақ көрпе, құрақтан тігілген доп, дорба, моншақтан тігілген сөмке, ұлттық нақыштағы сөмке, ерлер мен әйелдерге арналған заманауи шапандар, тақиялар, жебе құрақ көрпе, жебе құрақ жастық, алжапқыш, шұлық, себет сынды қолөнер туындылары көздің жауын алатындай.

Бұл шара ауыл өмірінің барлық жақтарын қамтып, келушілерге ауылдық өңірдің ерекше байлығын танытты. Қолөнер шеберлері мен кәсіпкерлердің өнімдері ауылдың экономикалық дамуына үлкен үлес қосқаны сөзсіз.

Күш пен ептіліктің мерекесі

Сарықобда ауылдық округі күндері аясында түрлі спорттық жарыстар өткізіліп, жергілікті тұрғындар мен қонақтар арасында нағыз мықтылар анықталды. Ауылдың жігіттері өзінің ептілігі мен күшін көрсетіп, спорттық жарыстарда бақ сынады.

Жарыстың бір маңызды бөлігі – 24 килограммдық гір тасын көтеру болды. Бұл жарыста жігіттер өз күш-жігерін сынап, бар күштерін жұмсады. Нәтижесінде, Жүндібаев Нариман 50 рет гір көтеріп, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды 35 рет гір көтерген Самрат Мейрамбек иеленсе, үшінші орынды 28 рет көтерген Абрахманов Рамиль қанжығасына байлады.

Қол күресі де жігіттер арасында үлкен қызығушылық тудырған сайыстардың бірі болды. Мұнда күш пен ептілік қатар бағаланды. Бұл жарыста Самрат Мейрамбек ерекше көзге түсіп, қарсыластарын жеңіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Самигалиев Әділетке бұйырса, үшінші орынды Абрахманов Рамиль еншіледі.

Ауылда өткен спорттық шаралар жергілікті тұрғындардың достығын, ынтымағын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. Жеңімпаздарды құттықтай отырып, осындай шаралар дәстүрге айналып, ауыл өміріне жаңа серпін беретініне сенім білдіреміз.

Сарықобда сахнасындағы сырлы саз

Шараның шырайын ашқан – мерекелік көңіл-күй мен ұлттық салт-дәстүрге сай ұйымдастырылған сән-салтанат болды. Ауылдың жас келіндері ұлттық нақыштағы киім киіп, бастарына ақ орамал тартып, қонақтарға құрмет көрсетіп, ауылдың салт-дәстүрін дәріптеді.

Концерттің жүргізушілері Азамат пен Арай көрермендерді құттықтап, ауылдың тарихы мен мәдениетіне қысқаша шолу жасады. Сахнада өнер көрсеткен ауылдың талантты әншілері мен бишілері көрермендерді тәнті етті. Ақын Ізтай Мәмбетовтың шығармашылығы мен оның қазақ поэзиясына қосқан үлесі туралы айтылып, оның өлеңдерінің ұлттық рухты қалай көтергені аталып өтті. Сахнаға олимпиада жүлдегерлері мен мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпаздары Муталиев Бекнар мен Умарова Еркеназ шығып, өздерінің өнерлерімен көрермендерді тамсандырды.

Концерт барысында ауылдың жастары мен өнерпаздары ұлттық ән мен биді шеберлікпен орындап, көрермендерге рухани азық сыйлады. Ақтөбе қаласына арналған «Ару қала Ақтөбе» әні де кештің көркіне айналды.

Концерттің соңында ауданның белсенді қатысушылары мен жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ауылымыздың дамуына үлес қосқан азаматтарға «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табысталды.

Кештің соңы «Атамекен» әнімен аяқталды. Барлық қатысушылар сахнаға шығып, бірлесіп ән шырқады. Салтанатты шара осылайша ауыл тұрғындарының бірлігі мен мәдениетін көрсетіп, көрермендердің жүрегінде ұзақ сақталатын әсер қалдырды. Концерттік бағдарлама мекрекелік отшашумен аяқталды.

P.S: Сарықобда ауылдық округі күндері көпшіліктің есінде жарқын мереке ретінде сақталары анық. Бұл шара ауыл тұрғындарының бірлігін, мәдениеті мен дәстүрін ұлықтады. Ауылдың еңкейген қариясынан бастап, ембектеген баласына дейін әр адам мерекеге өз үлесін қосып, ұйымшылдықпен атсалысты. Алғалықтардың бауырын елжіреткен жылы ілтипат пен ауыл халқының қонақжайлылығы ұмытылмас әсер сыйлады.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА