Руслан – Халықаралық турнир жеңімпазы

Өңіріміздің, ауданымыздың мақтанышы, талантты спортшы, ҚР спорт шебері Руслан Динеуов туралы газетімізде бұған дейін де жари ялаған болатынбыз. Жастайынан спортты жанына серік етіп келе жатқан жас спортшымыз күні кеше ғана тағы бір мәрте шеберлігін дәлелдеді.

16-21 шілде күндері Қостанай қаласында бокстан жастар арасында өткен ағайынды Айтеновтарды еске алуға арналған халықаралық турнирде Руслан Динеуов 80 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанып, облысымыздың, оның ішінде ауданымыздың мерейін бір көтеріп тастады. Әрине, бұл жеңіс Русланның тынымсыз еңбегінің, ерінбей барған жаттығуларының және де ең бастысы бапкерлері Закария Абдрахманов пен Әділ Басығараевтың еңбектерінің жемісі деп білеміз.

Аталмыш жарысқа алыс-жақын шетелдерден спортшылар қатысқан. Дәстүрлі турнир Қостанайда осымен 20-шы рет өткізілген. Кезінде дәл осы турнирге атышулы боксшылар Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев және Иван Дычколар қатысқан. Спорт әлемінде есімдерін алтын әріптермен жазып кеткен осы ағаларының жолын Русланға берсін демекпіз. Русланды жеңісімен шын жүректен құттықтай отыра, еліміздің көк байрағын желбірете беруін тілейміз!

Марал САНДЫБАЙ