Сайлау — демократиялық қоғам құрудың негізі

 5 ақпанда Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі. Бұл күнді атап өту дәстүрі 2005 жылы Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) бастамасымен қолға алынып, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапты. Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде атап өтіледі, себебі халықаралық сайлау саласындағы негізгі келісімдер дәл осы кезеңде қабылданған.

Аталған күнді белгілеудегі басты мақсат — азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау үдерістерін жетілдіру мәселелеріне қоғам назарын аудару. Сонымен қатар, бұл күн демократияландыру үдерісінің қайтымсыздығын қоғам санасында орнықтыруға, халықты сайлау саласындағы жетістіктермен таныстыруға және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген қызығушылық пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Осыған орай, бекітілген жоспарға сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 26 қаңтар мен 6 ақпан аралығында бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, «Сенің сайлау құқығың» тақырыбында сайлау учаскелері комиссияларының мүшелері жоғары сынып оқушыларымен және жас сайлаушылармен кездесулер өткізіп, сынып сағаттарын ұйымдастырды. «Депутаттарға сұрақ» тақырыбында жастар арасында аудандық мәслихат депутаттары М.Тулеуов пен Д.Кубесовамен ашық форматта кездесу өтті. Кездесу барысында депутаттық қызметтің негізгі міндеттері мен жауапкершілігі түсіндіріліп, олардың атқарған жұмыстары мен сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат берілді. «Сайлаудағы менің жеңісім» тақырыбында жас сайлаушылардың қатысуымен жаңадан сайланған Тамды ауылдық округінің әкімі М.Нуртазин және Қарағаш ауылдық округінің әкімі Г.Каратаевпен дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, Алға қаласының әкімі Ж.Бақытжанұлы мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ажигуловтың қатысуымен Алға индустриалдық-техникалық колледжінің студенттерімен «Әкімге сұрақ» атты кездесу өтті. Кездесу барысында Ж.Бақытжанұлы колледж жастарына еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, сайлаудың ашықтығы мен әділдігі туралы ой қозғады. Студенттер пікірлерін еркін білдіріп, түрлі сұрақтар қойды.

Сонымен қатар орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл» тақырыбында кітап көрмелері, «Адамдарға мейірімділік танытыңыз» атты экскурсия, сондай-ақ «Барлығына қолжетімді әлем» тақырыбында аудандық «Жастық жігер» аула клубында сурет көрмесі өтті. Жоғары сынып оқушылары арасында Жас сайлаушылар клубының мүшесі А.Силиханованың ұйымдастыруымен «Сайлау заңнамасы бойынша сарапшы» атты викторина өткізілсе, К.Хасанова мен Т.Көпжасардың жетекшілігімен интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылды.

Өткізілген іс-шаралардың басты мақсаты — оқушылардың сайлау және сайлану құқығы жөніндегі азаматтық белсенділігін арттыру, ел тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу және сайлау үдерісіне деген қызығушылығын қалыптастыру болып табылады.

А.Ажигулов,

Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы