САЛАУАТТЫ ҰРПАҚ – ҰЛТ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, түрлі сырқаттың алдын ертерек алған абзал. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын жақсартуға жағдай жасалуда.
«Дені сау ұлт» жобасы аясында аудандағы Белсенді өмір сүру орталығының зейнеткерлері салауатты өмір салтын қолға алғалы біраз уақыт болды. Ашылғанына 2 жыл болса да, орталыққа келетін зейнеткерлер қатары қалың.
Міндет біреу – ол халық арасында сырқаттанушылар деңгейін азайтып, жұрттың салауатты өмір салтын ұстануға деген бағытын қолдау. Аталған орталықта зейнеткерлер тек жаттығу жасаумен ғана шектелмей, сонымен қатар әртүрлі шараларға белсенді түрде қатысады.
- Белсенді өмір сүру орталығының қаламызда болғаны біз сияқты зейнеткерлер үшін таптырмас дүние болды. Осы орталыққа келгеніме қуанамын. Күнделікті таңертең осы жаққа келеміз. Орталықта әртүрлі үйірмелер бар. «Тәні саудың – жаны сау», демекші, біз аталмыш орталықта денсаулығымызға ерекше көңіл бөлеміз. Орталықтың басшысы Бақыт Қарағұлқызы мен әкімдікке алғысымды айтамын, — деді Күляш Миржанова.
Салауатты өмір салтын ұстанушы орталық зейнеткерлердің денсаулығы жақсарғанын ашық айтты.
- Орталыққа келгеніме біраз уақыт болды. Бұған дейін қан қысымым 180 болатын. Осы орталыққа келгелі 140-қа түсті. Қазіргі уақытта денсаулығым жаттығудың арқасында жақсарды. Жастарымызды спортпен айналысуға шақырамын. Орталықтың жаттықтырушысы Айнагүл қарындасымызға алғысым шексіз, — деді Марат Қарашолақов.
Мәншүк САПАРОВА