Санитариялық қызмет – сапалы өмір бастауы

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылдың 30 шілдесіндегі №232 бұйрығына сәйкес 15 қыркүйек күні елімізде тұңғыш рет «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні» мерекесі аталып өтті. Халық денсаулығын сақтау мен қорғау, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жолында жүздеген адам жанкешті еңбек етіп жүр.

Бастауын сонау 1900 жылдардан алатын санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ел өміріндегі маңызды сала. Алғаш Батыс Қазақстан облысында тараған оба дертіне қарсы күресті жүргізу үшін құрылған. Бүгінде санитарлық қауіпсіздік үлкен маңызға ие. Әсіресе аталмыш сала мамандары дүние жүзін жайлаған Covid індеті тараған кезде күн түн демей еңбек етті. Мемлекеттік шекара, теміржол, әуе, құрлық қатынасында өткізу пункттеріндегі инфекциялық аурулардың таралуына жол бермеу, тіпті адамның тіршілік ету ортасы мен денсаулығына әсер ететін нысандарды бақылау, ауа мен судың сапасын үнемі қатаң қадағалау осы саланың құзырында. Осыдан-ақ, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің адам өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын байқауға болады.

Осы атаулы күнге орай Алға ауданының әкімі А.Шүйіншәлиев Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бөлім басшысы А.Исабай, бас маман Г.О.Ермекбаеваға Алғыс хат табыстады. Аудан әкімі Асланбек Серікұлы ауданымыздағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтап, халық денсаулығын қорғауда атқарып жүрген сала мамандарына ризашылығын білдірді.

Бұл атаулы мерекенің белгіленуі сала мамандары үшін үлкен стимул болары анық. Аса бір жауапкершілікті, мұқияттылықты қажет ететін қызметте осы саланың қызметкерлеріне күш-жігер, шыдамдылық, сәттілік, зор денсаулық пен биік белестер тілейміз! Еңбектеріңіз еселене берсін!

 

Марал САНДЫБАЙ