Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 79,4 пайызы еліміз дұрыс бағытта келе жатыр деп есептейді
Қоғамдық саясат институтының маусым айында жүргізген сауалнамасы қазақстандықтардың өз елінің дамуына тұрақты оң көзқараста екенін көрсетті. Мәліметтерге сәйкес, респонденттердің басым бөлігі – 79,4 пайызы Қазақстанның дұрыс бағытта келе жатқанына сенімді, деп хабарлайды Zakon.kz.
*Неліктен қазақстандықтар оптимистік көзқараста?*
Маусым айындағы зерттеу ел дамуына қатысты бағалардың тұрақты екенін көрсетіп отыр. Бұл – таңдалған бағытқа қатысты қоғамда консенсус сақталып отырғанын және әлеуметтік көңіл-күйдің орнықты болып отырғанын көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі (79,4%) ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп санайды.
Пікірлердің оң серпіні әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты да байқалады. Маусым айында респонденттердің 73,6%-ы бұл жағдайға оң баға берген. Бұл үрдіс халықтың қазіргі ахуалды қабылдауында тұрақтану үдерісі жүріп жатқанын көрсетеді.
Саяси жағдай да негізінен оң бағаланады: респонденттердің 76,2%-ы қазіргі жағдайға қанағаттанатындарын білдірген.
Қоғам тарапынан берілген жоғары оң бағалар көбіне саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық факторлардың жиынтығына байланысты. Олардың қатарында ЖІӨ-нің 6%-ға өсуі, жаңа инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың салынуы мен іске қосылуы, ТКШ және көлік инфрақұрылымын жөндеу мен жаңғырту жұмыстары бар.
Аталған социологиялық зерттеуді Қоғамдық саясат институты 2025 жылы 18 маусым мен 4 шілде аралығында жүргізді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2000 қазақстандық қатысты. Сауалнама ұлттық репрезентативті іріктеме бойынша жүргізілді. Іріктеменің қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.