Сазгерге тағзым
Шалабай Санаевтың шығармашылық мұрасына арналған еске алу кеші
Өмір өткелдерімен тербелген, өнермен өрілген ғұмырлар тарихта мәңгі сақталатыны рас. Бұған дәлел, Алға аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Сазгердің сырлы әлемі» атты еске алу кеші. Мәдениет саласының дара тұлғасы, сазгер Шалабай Санаевтың жарқын болмысына арналған бұл шара өзі өшсе де өнері өшпейтін дара тұлғалардың есімі әрдайым есте сақталатынына тағы бір мәрте көз жүгіртті.
Шара шымылдығы өнер мектебінің жас дарындары орындаған Т.Жаналиннің «Дала рухы» атты шығармасымен ашылды. Қос ішектің күмбіріне тербелген көрермен қауым бұл кештің рухани қазынаның қайнарына айналатынын сол сәтте сезінсе керек. Кеш жүргізушісі, балалар кітапханасының меңгерушісі А.Изтілеуова, жиналған қауымды сазгердің өмірімен, шығармашылығымен таныстырып, кештің мазмұнын айшықтап берді.
Сазгердің өнегелі жолы
Шалабай Санаев – тек Алға емес, бүкіл өңір руханиятының жарық жұлдызы десек артық айтпаспыз. Сазгердің «Алға вальсі», «Темір вальсі», «Ырғыз вальсі» сынды туындылары – туған жердің үнін әуенмен суреттеген шығармалар. Ақтөбе мәдени-ағарту оқу орнын тәмамдаған сазгер бірнеше жыл ұстаздық етіп, өнер мен мәдениеттің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның 70-жылдары қазақ драма театрының ашылуына қосқан үлесі – тарих беттерінде алтын әріппен жазылған еңбек болып қала бермек.
Кеш барысында кітапханашы Л.Тұрмағанбетова көзін көргендердің жылы лебіздеріне тоқталып, фейсбук парақшасынан сазгер жайлы пікірлерді оқып берді. Ырғыздық өнерпаз Айгүл Мырзатева «Ырғыз вальсі» әнінің тарихын баяндап, жүректерді тебіренткен әсем әуенді өзі орындады.
Ән қанатындағы рух
Алға аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қ.Үсенбеков «Кеш қалыппыз» әнін орындап, көрермендер ықыласына бөленді. Әнші А.Жанәбіл шырқаған «Алға вальсі» әні жиналған жан серігіне айналғандай, зал толы қауым бір ауыздан қосылып шырқады.
Кештің қорытынды сөзін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Б.Жаналин сөйлеп, қатысушыларға «Алғыс хаттар» табыстады.
P.S: Шалабай Санаевтың шығармашылығын дәріптеген бұл кеш – ұрпаққа аманат. Өнер мен мәдениетке құмар қауым үшін бұл шара естелік қана емес, өмірдің мәнін ұқтыратын рухани сабақ болды. Ұйымдастырушылардың ізгі ниеті көрерменнің көңілінен шығып, сазгердің сырлы әлемі тағы бір мәрте айқын көрінді. Кештің құрметті қонақтары болған Шалабай Санаевтың қызы, күйеу баласы, ұлы және немерелері – әке туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Олар сазгердің шығармашылық мұрасын сақтау жолындағы талпыныстар үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді.
Гүлім КЕНЕКШОВА