Сессия

Бір жылдық жұмыс – нақты шешімдер мен ашықтық айнасы

Аудан өміріндегі маңызды шешімдер бір күнде қабылданбайды. Олар ашық пікірталас, нақты есеп пен ортақ жауапкершіліктің нәтижесінде ғана пісіп-жетіледі. Алға аудандық мәслихатының кезекті сессиясы – осы қағиданың айқын көрінісі болды. Сессия залына жиналған депутаттар, атқарушы орган өкілдері мен қоғам белсенділері ауданның бүгінгі ахуалы мен алдағы даму бағытын саралап, әрбір шешімнің артында тұрғындардың тағдыры тұрғанын тағы бір мәрте сезіндірді. Бұл жиын – бір жылдың қорытындысын жасап қана қоймай, келер кезеңге нақты бағдар айқындаған маңызды алаң болды.

 Бүгінде Алға аудандық мәслихатының депутаттық корпусы «AMANAT», «Ақжол» және «Ауыл» саяси партияларының өкілдерінен құралған 12 депутаттан тұрады. Депутаттардың орташа жасы – 45 жас, олардың үшеуі – әйел азаматшалар. Бұл құрам қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.

Мәслихат қызметінің негізгі жұмыс нысаны – сессия. 2025 жылы барлығы 10 сессия өткізілген, оның 4-еуі кезекті, 6-уы кезектен тыс форматта ұйымдастырылды. Депутаттардың сессия жұмысына қатысу көрсеткіші орта есеппен 72 пайызды құрады. Барлық сессиялар ашық түрде өтті. Олардың жұмысына аудан әкімі мен оның орынбасарлары, Алға қаласы мен ауылдық округтердің әкімдері, мекеме және бөлім басшылары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сессия өткізу туралы ақпараттар аудандық мәслихаттың ресми сайтында алдын ала жарияланып отырды.

Қыркүйек айында өткен кезекті 35-сессияда депутаттар аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдады. Сонымен қатар, сессиялар барысында аудан үшін маңызы зор бірқатар мәселелер қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, 2025–2027 жылдарға арналған Алға аудандық бюджетті бекіту, 2024 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы жөніндегі есеп, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар, шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт салаларындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, Алға қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және қала әкімінің есебі қаралды.

Сонымен бірге Ақтөбе агломерациясының 2025–2029 жылдарға арналған кешенді даму жоспарымен келісу, Алға ауданының коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту, «Алға аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына 30 пайыз, аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық қызметкерлеріне 50 пайыз көлемінде ынталандыру үстемақысын белгілеу, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі бойынша мөлшерлемені төмендету, аудан әкімдігінің дербес құрамы мен аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Жалпы алғанда, есепті кезеңде мәслихатта 96 шешім қабылданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй көмегін көрсетуге қатысты бір шешім Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Ал 77 шешім электронды эталондық бақылау банкінде ресми жарияланды. Айта кету керек, мәслихаттың нормативтік құқықтық актілеріне қатысты Әділет министрлігі тарапынан бас тартулар мен прокуратурадан наразылықтар болмаған.

Депутаттар есепті кезеңде 2025–2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке 4 рет, сондай-ақ Алға қаласы мен 12 ауылдық округтің бюджеттеріне 4 реттен өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, бекітті. Бұл өзгерістер мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталды.

Ағымдағы жылы депутаттар мемлекеттік органдарға 9 депутаттық сауал жолдады. Олар білім беру, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелерге қатысты болды. Атап айтқанда, №2 Алға орта мектебінің жанынан ашық спорт алаңын салу, Сарықобда ауылында мәдениет нысанын тұрғызу, созылмалы ауруы бар науқастардың тегін дәрі-дәрмек алу тәртібі, индустриялық-техникалық колледждің шағын футбол алаңын жөндеу, ауылдық медициналық нысандарды жаңғырту, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету, аудандық ауруханаға маммография аппаратын алу, сонымен қатар бірқатар инфрақұрылымдық мәселелер көтерілді. Барлық сауалдар бойынша заңда белгіленген мерзімде жауаптар берілді.

Сонымен қатар, тұрғындардың басқа да мәселелері бойынша тиісті мекемелерге 21 хат жолданған. Алдағы уақытта да аудандағы түйткілді мәселелерді шешуде атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар жалғасын табатыны айтылды.

Мәслихат депутаттары өз құзыреті аясында аудан әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысып, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келеді. Мәслихат төрағасы мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен тұрақты қарым-қатынаста болып, халықпен кездесулер мен түрлі іс-шараларға қатысып, бұл жөнінде әлеуметтік желілерде тұрақты ақпарат таратып отыратынын атап өтті. Сондай-ақ 9 қыркүйекте Ақтөбе облыстық телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасына қатысып, аудандық мәслихат қызметі мен бюджеттің бағыттары туралы мәлімет берілген.

Мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы 8 депутаттан тұрады. Фракцияны депутат Кубесова Динара Калимжановна басқарады. 2025 жылы фракцияның 4 отырысы өтіп, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізілген.

Депутаттар сайлаушылармен 35 қоғамдық қабылдау өткізіп, 105 мәселені қараған. Көбіне тұрғындар жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселелерімен жүгінген. Сонымен қатар, мәслихатта екі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Комиссияларды «AMANAT» партиясынан Н.Давлетов, «Ақжол» партиясынан Б.Жайықов басқарады. Есепті кезеңде комиссиялар 8 отырыс өткізіп, 12 мәселені қарап, тиісті ұсыныстар берген.

Депутаттар қайырымдылық шараларына да белсене қатысып, «Мектепке жол» акциясы аясында және Қарттар күніне орай игі істер атқарған. Спорт саласындағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. 2025 жылы шілде айында Орал қаласында өткен II «Senat Open» шахмат турнирінің жартылай финалында ауданнан қатысқан депутаттар финалға жолдама алып, тамыз айында Астана қаласында өткен жарыста облыс намысын қорғады.

Аудандық мәслихат қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында сессиялар мен комиссия отырыстары туралы материалдар аудандық «Жұлдыз–Звезда» газетінде, ресми сайтта және әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып келеді.

Сессия барысында Бюджет кодексінің 91-бабына сәйкес алдағы кезектен тыс сессияда Алға қаласы мен ауылдық округтердің үш жылдық бюджеттері бекітілетіні айтылып, осылайша 2025 жылға жоспарланған жұмыстар қорытындыланатыны мәлім болды.

Сессия қорытындысы бір нәрсені анық көрсетті. Алға аудандық мәслихаты үшін басты өлшем — заң талаптары мен халық мүддесі. Қабылданған шешімдер, көтерілген мәселелер мен алдағы жоспарлар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың бар екенін айғақтайды. Алдағы кезектен тыс сессияда үш жылдық бюджеттер бекітіліп, жаңа міндеттер айқындалады. Демек, мәслихат мінберінде айтылған әрбір сөз бен қабылданған әрбір шешім аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға қызмет етпек.

Мадина ТАЖИБЕКОВА