Сөз зергерін ұлықтау байқауы өтті

Әйтеке би ауданы, Қарабқтақ ауылында аудандық әкімдіктің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, Әйтеке би аудандық  «Целинник» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Әйтеке би ауданының тіл шебері, Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған «Гауһар сөздің зергері» облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Ұлы тұлғаларымызды ұрпақ есінде қалдыру, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауға 18-35 жас аралығындағы Алға, Мәртөк, Қарғалы, Мұғалжар, Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау, Байғанин, Темір аудандарынан келген 11 жырсүйер қатысушы қатысып, бар өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар барлығы Қуандық Шаңғытбаевтың шығармасынан бір өлең оқу және Тәуелсіздік, тіл тақырыбындағы кез келген өзге поэзиялық шығармадан үзінді оқу бойынша бақтарын сынады. Байқаудың қатысушылары актерлік және орындаушылық шеберлік, көркемдік-сахналық бейнесі мен киім үлгілері, көркем мәтінді оқу шеберлігі, дауыс мәнері мен тіл тазалығы, көркем мәтінді таңдау тазалығы критерийлері бойынша бағаланды. Жырсүйер талантты қатысушыларға облысымызға белгілі ақын, жазушылар мен мәдениет қызметкерлері әділ қазылық етті.

Аталмыш додаға ауданымыздың атынан Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Тапай Гүлайым Амангелдіқызы белсене қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Жеңімпазға 100 мың теңге ақшалай сертификат, естелік сыйлық табысталды. Кітапханада әдіскер қызметін атқаратын Гүлайым бос уақытында кітап оқып, поэзия оқығанды ұнатады. Аудандық кітапханада өткізілетін шаралардың ұйымдастырылуына да үлкен жауапкершілікпен қарап, өз үлесін қосып жүрген өз ісінің шебері. Осы орайда, Гүлайым Амангелдіқызын жеңісімен құттықтап, биік белес, жемісті еңбек, шығармашывлық табыстар тілейміз!

Марал САНДЫБАЙ