Спорт ардагері Б.К.Тайбукеновты еске алуға

арналған облыстық турнир

            27 ақпан-2 наурыз аралағында Алға балалар жасөспірімдер спорт мектебінде Алға қаласының тумасы, спорт саласына өзіндік үлесін қосып, із қалдырған спорт ардагері Тайбукенов Берік Қотырбайұлын еске алуға арналған 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан ашық облыстық турнир өтті.

Спорт ардагері туралы көпшілік оқырман қауымға толығырақ таныстыруды жөн көрдік. Себебі, өскелең ұрпақ соның ішінде спорт десе ішкен асын жерге қоятын, туған еліміздің көк байрағын әлем деңгейінде желбірететін болашақ чемпиондарымыз алдыңғы толқын ағаларының кім болғанын, қоғамда қандай еңбек сіңіргенін білгені абзал.

  Тайбукенов Берік Қотырбайұлы – КСРО спорт шебері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ол 1959 жылғы 27 ақпанда Ақтөбе облысының Алға қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1976 жылы Алға қаласындағы №1 орта мектепті тәмамдаған. Жастайынан спортпен белсенді түрде айналысып, жасөспірімдер арасында облыстық және республикалық жарыстарға қатысқан. Оның алғашқы бапкері – Алға ауданы бокс спортының негізін қалаушы, бокстан жастар арасындағы Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Алға ауданының құрметті азаматы Александр Иванович Лыпенко. Дәл осындай спорт саласында өшпес із салған нағыз спортшының шәкірті Берік Тайбукенов те  облыс және республика деңгейінде бокстан бірнеше мәрте чемпион атанған.

Спорт ардагері еңбек жолында №49 кәсіптік-техникалық училищесінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Алға қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарған. Берік Тайбукенов тек туған жерінің спорт саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің егемендігі жолында күресіп, «Желтоқсан» оқиғасына қатысқан қайсар мінезді жан болған.

Турнирдің ашылу салтанатына спорт ардагерінің жұбайы Халида Тайбукенова және балалары Динара Тайбукенова, Төлеген Тайбукенов, Гүлнар Аманшиева, спорт ардагері Александр  Лыпенко, қазақстандық танымал бокс төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Рахымжан Рысбаев, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Галиб Джафаров, Алға ауданының құрметті азаматы, спорт жанашыры Ғалымжан Латыпов құрметті қонақ ретінде қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Облыстық турнирге жалпы саны 21 команда, 185 жас боксшылар қатысып шаршы алаңда өздерінің бойындағы шеберліктерін көрсетіп, бақ сынасты. Командалардың ішінде Ресей елінен 1 команда арнайы келіп қатысса, сонымен қатар Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан және Мұғалжар, Алға, Қобда, Мәртөк аудандарынан жас спортшылар қатысқан болатын.

Турнирдің қорытындысы бойынша Алға ауданы атынан шыққан жас былғары қолғап шеберлері төмендігедей орындарға ие болды:

І орын — Тұрар Қадыров, Әлім Әлімбаев

ІІ орын – Мирхан Жылқыбаев, Темірлан Абдуллин, Мағжан Амантаев

ІІІ орын – Сабыр Молдабаев

Аталмыш додада жас спортшылар тәжірибе алмасып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Осы сынды жарыстардың жиі өткізіліп тұруы жастарды тек биіктерге ұмтылуға, елжандылыққа тәрбиелейтіні анық. Барлық жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, биік белестерді бағындыруларына тілектеспіз.

 

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ