СПОРТ – ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ ТІРЕГІ

 «Дені саудың – жаны сау» дейді халқымыз. Бүгінгі өркениетті қоғамда спорт – тек салауатты өмір салтының негізі ғана емес, ол – елдің абыройы, жастардың рухын шыңдайтын үлкен мектеп. Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күні – тек спортшылардың ғана емес, осы салаға бар ғұмырын арнап, жас жеткіншектерді тәрбиелеп жүрген бапкерлер мен ұстаздардың, ардагерлердің мерекесі.

Алға ауданы – спортты серік еткен, саңлақтарды түлеткен киелі мекен. Бұл өңірдің топырағынан талай чемпиондар түлеп ұшты, талай бапкерлердің аты ауданнан асып, облыс пен елге мәлім болды. Бірі – боз кілемде, бірі – доп алаңында, енді бірі – үстел үстінде ел намысын қорғап жүрген жасөспірімдердің артында қажырлы еңбегін аямай, уақытын шәкіртке арнаған жаттықтырушылар тұр.

Бұл жолғы мақалалар легінде біз спорт күніне орай Алға ауданының спорт саласында еңбегі ерен, шәкірт тәрбиелеп, ел абыройын асқақтатқан азаматтарды кеңінен әңгімелемекпіз. Өйткені әрбір чемпионның артында – ұстаздың тері, әрбір жеңістің артында – бапкердің еңбегі бар.

Спорт – тек жарыс емес, ол – тәрбие, ол – ұлт болашағының кепілі. Ал спортқа адал қызмет еткен әрбір азамат – халықтың мақтанышы.

 ЖЕҢІСТІҢ ЖОЛЫ – ЖАТТЫҚТЫРУШЫНЫҢ ЖАНҚИЯР ЕҢБЕГІ

 Ел ішінде: «Спорт – денсаулық кепілі, жеңіс – еңбектің жемісі» деген сөз бар. Осы бір қарапайым қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – Алға жерінің абыройын үстел теннисінен асқақтатып жүрген жаттықтырушы, ҚР бірінші санаттағы спорт төрешісі Сарбупин Арманбек Сегізбайұлы.

1971 жылдың 8 қарашасында Мұғалжар ауданының Талдысай ауылында көпбалалы, еңбекқор шаруа отбасында дүниеге келген Арманбектің балалық шағы ауылдың қара топырағында еңбекпен шыңдалды. 1979-1989 жылдары туған ауылындағы орта мектепте білім алып, жасынан ізденімпаз, еңбекқорлығымен көзге түсті. Жас жігіт 1989-1991 жылдары Ресейдің Приморье өлкесінде Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеді. Бұл жылдар Арманбектің бойына шыдамдылық пен табандылық қасиетін сіңіріп, өмір мектебіне айналды.

Әскерден оралған соң ол 1992-1995 жылдары Ақтөбе ауылшаруашылығы техникумында білім алып, «ұйымдастырушы-технолог» мамандығын иеленді. Білім жолындағы ізденісі мен еңбекқорлығы оны ұстаздық жолға алып келді. 1997 жылдан бастап Алғадағы балалар үйінде технология пәнінен дәріс беріп, жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық пен қолөнерге деген сүйіспеншілікті дарытты. Кейін №1 Алға мектеп-бақшасында АӘД пәнінен сабақ беріп, жасөспірімдерді отансүйгіштікке, қайсарлыққа баулыды.

Ал 2015 жылдан бастап өзінің жүрек қалауына айналған салаға бет бұрып, Алға БЖСМ-де үстел теннисінен жаттықтырушы қызметін атқарып келеді. Осы уақыттан бері талай жас спортшының бағын ашып, үлкен спортқа жолдама берді. Оның шәкірттері тек аудандық емес, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Айталық, Қаблашев Мерейхан – облыс чемпионатының жүлдегері, «ALGA CUP» ашық турнирінің жеңімпазы, ҚР чемпионатына қатысып, тәжірибесін шыңдаған талантты спортшы. Бүгінде ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің спорт бөлімінде білімін жалғастыруда. Арманбектің екі бірдей шәкірті Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт мектебінде тәлім алып жүр.

Арманбек Сегізбайұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол аудандық және облыстық деңгейде марапаттарға ие болып, спорт төрешілігінде де биік белестерді бағындырды. Бүгінде ол – үстел теннисінен ҚР бірінші санаттағы спорт төрешісі.

Әр табысты ер азаматтың артында оны қолдап, демеп жүрген адал жары тұрады. Арманбектің жары – Сарбупина Өрік Төкенқызы Алға мектеп-гимназиясында психолог болып, жас ұрпақтың жан дүниесіне жол тауып жүрген білікті маман. Үш баласын тәрбиелеп өсіріп отырған бұл шаңырақ – өнегелі отбасының жарқын үлгісі. Ұлы Ислам әке жолын қуып, Алға БЖСМ-де жаттықтырушы болса, үлкен қызы Меруерт – Қ.Жұбанов университетінің студенті, ал кенжесі Інжу – мектеп-гимназияда 8-сыныпта оқиды.

Спорт күні – тек спортшылардың ғана емес, олардың артында аянбай тер төгіп жүрген ұстаз-жаттықтырушылардың мерекесі. Арманбек Сегізбайұлы сынды азаматтардың еңбегі – елдің мақтанышы, жас ұрпақтың болашағы үшін сіңірілген өлшеусіз қызмет. Оның өмір жолы – қарапайым ауылдан шығып, қажырлы еңбек пен табандылық арқылы үлкен жетістікке жетудің айқын дәлелі.

«Ұстаз – ұрпаққа жол көрсетуші шамшырақ» десек, Сарбупин Арманбек Сегізбайұлы – спорт әлеміндегі сол шамшырақтың бірі. Ол тәлім берген әр шәкірт – ауданның, облыстың, тіпті елдің абыройын асқақтатар чемпион боларына сенім мол.

 

Бетті дайындаған Мадина ТАЖИБЕКОВА, Марал САНДЫБАЙ