Спорт

Боксшыларымыз, тек алға!

Шалқар ауданы әкімінің кубогі және ҚР Батыс аймақтық чемпионатында боксшыларымыз бақ сынап, жүлделі орындармен оралды.

2010-2011 жылғы кіші жасөспірімдердің қатысуымен өткен турнирде кішкентай боксшылар шаршы алаңға шығып, қарсыласына дес бермеді. Шаршамай, шыдаммен қайратын көрсетіп, жұдырықтасты. Залда жиналған жұрт оларға қолпаштау білдіріп, қолдау көрсетуден аянбады. Жарыста топ жарғандар мықтылығын дәлелдеп, жүздері бал-бұл жанып, халықтың ду қошеметіне бөленді.

Қолғанат Хабжалелов, Серғазы Есенгалиев, Қанат Өзбекбаевтың шәкірттері тартысты ойын көрсете алды. Турнир қорытындысы бойынша 37 келі салмақпен жүлделі І орынды Мейрамбек Түгелбай иеленсе, 37 келі салмақпен ІІІ орынды Алим Алимбаев, ал ІІІ орынды 64 келі салмақпен Мағжан Амантаев пен 70 келі салмақпен Берікбол Бақай қанжығасына байлады.

 

Әмбебап спорт түрін танытуда

 

«Унифайт» жекпе-жек спорт түрінің елімізде кеңінен таралып жатқанына 10 жылдан аса уақыт өтті. Сондықтан болар, қазіргі уақытта жастар арасында дәл осы спорт түріне қызығушылық аса жоғары. Соның айқын дәлелі – алғалық Елеусіз Бөкейхан. Ересектер мен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогінде 65 кг салмақ дәрежесінде біліктілігін көрсеткен Елеусіз Бөкейхан жүлделі ІІ орынға ие болды.

 

Волейболдан аудандық турнир өтті

 

Өткен аптада Маржанбұлақ әкімдігі мен Маржанбұлақ аула клубының ұйымдастыруымен әйелдер арасында волейболдан жарыс өтті. Аудандық турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде, І орынды – Алға, ІІ орын — Маржанбұлақ

жастары, ІІІ орын — Бестамақ жастары иеленді.

 

Ала доп қуған алғалық олжалы оралды

Ақтөбе облысының ұйымдастыруымен өңіріміздің бас қаласында футболдан Республикалық турнир өтті. «Облыстық футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Кубогіне» таласқан футболшылар 2011-2012 жылғы жасөспірімдер болды.

Еліміздің түпкір-түпкірінен бақ сынап келген спортшылардан 24 команда құрылды. ОСДЮШОР-да өткен турнирде ақтөбеліктердің намысын Алға, Хромтау аудандарының командалары қорғады. Тартысты турнирдің қорытындысы бойынша, намысты қолдан бермеген алғалықтар, Алға БЖСМ футбол командасы жүлделі І орынға ие болды. Мұратжан Нұрсұлтанұлы мен Бағдат Мұқатайдың шәкірттері үздік ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлердің сенімін ақтап шықты.

 

Мемлекеттік қызметшілері жүлдегерлер қатарында

«Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт.

 

Алға ауданының мемлекеттік қызметшілері жүлдегерлер арасында өткен облыстық спартакиадасында бақ сынаған ауданымыздың шенеуніктері жүлдемен оралды. Атап айтқанда, арқамен жүзу спорт түрі бойынша Ж.Шаукебаев ІІІ орын, үстел теннисі спорт түрінен Н.Утегенов ІІІ орын, А.Орнова ІІІ орынды иеленіп, АЛҒА АУДАНЫ жалпы командалық есепте VII орынға орналасты.

 

Мәншүк САПАРОВА