Спортты сүйген ұстаз

 Ауданымыздың спорт саласының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген Дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің орны бөлек. Себебі, олар мектеп қабырғасындағы оқушылардың бойындағы қабілетті жастайынан байқап,

спортқа баулиды. Спорт бапкерлері жарыс жаттығуларының техникасын үйретіп, жетілдірсе, дене тәрбиесі мұғалімі оқушыларға өмірге қажет қозғалыс шеберлігі мен дағдысын үйретеді. Оқушылардың дене қуаты қасиеттерін, күш, жылдамдық,төзімділік, ептілік икемділігін дамытады. Бүгінгі мақаламызда дене тәрбиесінің кәсіби маманы, Алға қаласындағы №2 В.И.Пацаев атындағы орта мектебінің Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, баскетбол секциясының жетекшісі, өз ісінің шебері Ербол Нәбиев туралы айтпақпыз.

Нәбиев Ербол Әбиболлаұлы 1975 жылы, 20 желтоқсанда Өзбекстан Республикасы, Нөкіс қаласында дүниеге келген. 1982-1990 жылдары №22 Юлдош Курбанов атындағы мектепте, 1990-1994 жылдары  Плеис Нурпеисов атындағы Хожелі педагогикалық училищесінде «Дене шынықтыру пәні мұғалімі және тәрбиеші» мамандығы бойынша білім алады. Білім саласындағы алғашқы еңбек жолын 1994 жылы өзінің туған қаласындағы №34 мектепте ұстаз болып бастайды. 2004 жылы Ақтөбе облысына отбасымен қоныс аударады. Кейінгі жылдары Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектебінде жұмыс жасап, 2008 жылдан күні бүгінге дейін Алға қаласындағы №2 В.И.Пацаев атындағы орта мектебінің Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып, абыроймен еңбек етіп келеді. Аталмыш білім ордасына келген күннен бастап, оқушыларға Баскетбол секциясын ашып, көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Ұстаздық ете жүріп, білімін шыңдап, жоғарылату мақсатында 2007-2010 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім дипломына ие болады.

Ербол Әбиболлаұлы тынымсыз еңбектің арқасында шәкірттерінің көптеген аудандық, облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетулеріне себепкер  болып келеді. Баскетбол үйірмесіне қатысатын оқушылар осы спорт түріне деген қызығушылықтары оянып, жарыстарда қарсыластарын оңайлықпен жеңіп те жүрген жайы бар. Олардың әрқайсысы жаттықтырушының еңбегін жоғары бағалап, құрметтейді және әр жарыс алдында үмітін ақтауға тырысады. Кейіпкеріміздің жетістіктеріне тоқтала кетсек, 2022 жылы облыстық лига ойындарында баскетболдан 7,8-ші сыныпта оқитын оқушылары І орынға ие болып, республикалық Ұлттық мектеп лигасына жолдама алған болатын. Дәл осы жылы  Өскемен қаласында өткен «Алтын доп» Ұлттық мектеп лигасында жалпы командалық есепте қыздар командасы ІІ орынға ие болса, 2024 жылы облыстық лига ойындарында І орын иеленіп, Республикалық Ұлттық мектеп лигасы және гимназияда ойындарына жолдама алған. Сонымен қатар, 2024 жылы Шымкент қаласында өткен Гимназияда ойындарында өңір намысын қорғап, жүлделі ІІ орынды иеленді. Бүгінгі таңда шәкірті Ромаченко Наталья Маңғыстау облысы атынан “Касспий” командасында  кәсіби баскетбол клубында  ойнайды.

Ұстаздың еңбегі бағаланып, Оқу-ағарту министрі, облыс, аудан әкімі, облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, кәсіподақ ұйымы, Алға балалар, жасөспірімдер спорт мектебі атынан Алғыс хаттармен марапатталған. Спорт қашан да адам баласына екінші дем, күш береді. Оны кейіпкеріміз оқушыларының есіне үнемі салып отыратынын білдік. Спорт саласында жүрген Ербол Әбиболлаұлының басты мақсаты — тәрбиелеп отырған шәкірттерінің биіктен көрініп, өмірден өз орындарын табуы. Мектеп қабырғасында дене тәрбиесінің жан-жақты дамуына үлесін қосып келе жатқан ұлағатты ұстазға шығармашылық табыстар мен сәттіліктер тілейміз!