Су басқан аумақтар дезинфекцияланып жатыр

Алға ауданында тасқыннан кейінгі дезинфекциялау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда аудан бойынша су кірген аулалар мен үйлерге «Ұлттық сараптама орталығы» Алға ауданы филиалының бөлімше мамандары залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Және де Алға ауданы бойынша 18 орталықтандырылған су құбырына, 7 орталықтандырылмаған су құбыры кешенді блок модульіне залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

  • Эпидемиологиялық маңызы бар объектілер, оның ішінде зираттар және жеке үйлердің аумағындағы су басқан жерлер, Алға қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріне залалсыздандыру жұмыстары жүргізілу керек. Жертөлеге тоқталар болсақ, кәріз жүйелерінен аққан су сыртқа шығып, аумақты ластайды. Жұқпалы, оның ішінде ішек ауруларының алдын алу үшін дезинфекция жасау маңызды. Аудандағы сумен жабдықтау обектілері басқарманың бақылауында. Су тасқыны кезінде ауызсу көздерін қарғын су басқан жоқ. Қазіргі күні ауызсудан сынамалар алынып, оң нәтиже анықталған жоқ. Тұрғындар алаңдамаса болады, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нуркен Утегенов.

Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, су тасқыны басталғаннан бері ауданымызда жұқпалы аурулар, оның ішінде ішек инфекциясы, вирустық гепатит, іш сүзегі, паратиф тіркелген жоқ.

Аудандық әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінген. Яғни барлық шаруа «Ұлттық сараптама орталығы» Алға ауданы филиалының бөлімше мамандары жұмыстанады. Орталықтандырылған су құбырлары «Алға Жылу» КМК мекемесінің ведомстволық зертханасы арқылы, Кешенді блок модульдері «Ұлттық сараптама орталығы» Алға ауданы филиалының бөлімше мамандарымен келесім шарт арқылы дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

Мәншүк САПАРОВА