«Сыбаға» фестивалі — тәрбие мен ұлттық болмысты ұлықтаудың озық алаңы
Қазақтың бай дүниетанымы мен салт-дәстүрін жас ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Ұлттың рухани қазығын ұстап, мәдени болмысын сақтау жолында еліміздің мектептерінде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің тұжырымдамасы кеңінен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама – халқымыздың асыл мұрасын ұлықтап, ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайтадан өмірге әкелуге бағытталған игі қадам. Осы бағытта №1 Алға орта мектебінде өткізілген мазмұнды іс-шаралар ұлттық тәрбиенің жаңа тынысын ашты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді, отбасы тәрбиесінің рухани тіректерін насихаттап, оқушылардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. «Сыбаға» – тек тағам үлестіру емес, ол – сыйластықтың, туыстықтың, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің белгісі. Мектеп ұжымы осы терең мағынаны әр шараның өзегіне айналдыра білді.
Жоғары сыныптар арасында өткен «Дәстүр – ұлт қазынасы» және «Салт пен сана» атты дөңгелек үстелдерде оқушылар ұлттық дәстүрдің тәрбиелік және әлеуметтік маңызы туралы пікір алмасты. Ұлттық құндылықтарды бүгінгі өмірге бейімдеу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салып, рухани сабақтастықтың мәнін терең түсінді. Орта буын оқушыларына арналған «Жеті қазына мен жеті ата – ұлт тірегі» бейнебаян таныстырылымы олардың таным көкжиегін кеңейтіп, қазақ дүниетанымының тереңдігін ұғындырды.
Ұлттық өнерді ұлықтауға арналған шеберлік сабақтары да ерекше ықыласқа ие болды. Технология пәнінің мұғалімдері ұйымдастырған «Шебер қолдар мұрасы» этно-шеберханасында ер балалар қолөнердің қыр-сырына қанықса, қыз балалар «Киіз басу – көнеден жеткен өнер» шеберлік сағатында киіз өңдеу тарихы мен мәнімен танысты. Сондай-ақ мектебімізде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту және қолөнерді өнерді дәріптеу мақсатында «Зергерлік өнердің сырлары» атты көрме ұйымдастырылды. Оқушылардың жеке еңбектерінен құралған көрмеде тұскиіз, құрақ көрпе, ою-өрнек түрлері, ұлттық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен алқа, білезік сәндік өнер туындылары таныстырылды. Бұл көрме оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.
Бастауыш сыныптар арасында өткен «Ұлттық киім – мәдениеттің айнасы» флешмобы мектепке ерекше ұлттық атмосфера сыйлады. Оқушылардың ұлттық киімдегі көріністері олардың тарихи жадына, киім мәдениетіне деген қызығушылығын оятты. Ал жоғары сыныптар арасында «Ұлттық киім» кезеңі «Үздік сынып» жобасының мазмұнын байыта түсті.
Ұлттық ойындарды насихаттауға арналған шаралар да фестивальдің ажырамас бөлігі болды. «Асық ату – мергендік мектебі» сайысы, «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» танымдық бағдарламасы, «Тоғызқұмалақ – ой ұшқырлығының белгісі» турнирі оқушылардың логикалық ойлауын дамытып қана қоймай, төзімділік, сабырлық, мәдениет сияқты қасиеттерді қалыптастырды.
Жас таланттардың өнерін танытқан «Өнер – өмірдің өзегі» шығармашылық кеші – фестивальдің шоқтығы биік шараларының бірі. Ән, би, күй, поэзия – барлығы оқушылардың ішкі әлеуетін ашып, рухани дүниесін байыта түсті.
Фестивальдің қорытынды шарасы ретінде өткен «Дәм татқан жердің дәстүрін сыйла» атты ардагер ұстаздармен кездесуде оқушылар ұлттық тәрбиенің мәні мен сабақтастығын терең сезінді. Ардагерлердің ақыл-кеңесі, өмірлік тәжірибесі жас буынға бағыт-бағдар беріп, ұлттық рухты күшейтті.
Қорыта айтқанда, «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалінің тұжырымдамасын жүзеге асыру — мектептің тәрбие жұмысына жаңа серпін берді. Ұйымдастырылған іс-шаралар жас ұрпақты ұлт тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарауға баулып, қазақы рухты жаңғырту жолындағы игі қадам болды. Осындай шаралар арқылы біз балалар санасында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, келер ұрпаққа асыл мұрамызды аманаттай аламыз.
Н.Бөлекеева,
№1 Алға орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі