«Сырласайық жеңеше» сайысы өтті
№3 Алға қазақ орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығының «Даналық мектебі» жұмыс жоспарына сәйкес 3-11 сынып оқушылары арасында «Сырласайық жеңеше…» атты жеңгелер мен қайынсіңілілердің сайысы өтті. Халқымыздың бай салт-дәстүрлері дәріптеліп, ерте замандардан бері жалғасын тауып келе жатқан жеңгелер мектебінің әдемі көріністері паш етілді.
Қазақ дәстүрінде жеңгенің орны ерекше. Аузын ашса жүрегі көрінетін асыл жеңгелер жақсы болса, туған анадан кем болмайтыны рас. Әсіресе, қайынсіңілі мен қайынінілердің сүйікті әрі, ең жақын туысы – ол қашанда жеңге. Олардың арасындағы қыл өтпейтін ерекше достық, ешкімге ашыла қоймайтын сыр, ілтипат, мейірімділік, жанашырлық қасиеттер туыстық қарым-қатынасты одан әрі нығайта түседі.
Қазақ отбасыларындағы жеңгелер мен қайынсіңілі арасындағы қарым-қатынасты насихаттауда аталмыш мектепте өткен жанға жағымды шара дәлел бола білді. Өйткені, сайыстың басынан аяғына дейін қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Сайысқа қатысқан жұптардың барлығының дерлік жауапкершілігі, бір-біріне деген ізеттіліктері білініп-ақ тұрды. Байқауда қатысушылар бес кезең бойынша өздерінің бойындағы қабілеттерін көрсетті. Оларды атай кетсек, «Сәлемменен басталар сөз анасы» жеңгесі қайынсіңлісін, қайынсіңлісі жеңгесін таныстыруы, «Ата дәстүр-асыл қазынам» (сұрақ-жауап), «Өнерлінің-өрісі кең» (өз өнерлерін көрсету), «Бармағынан бал тамған» (жеңгесі мен сіңілісінің қолынан шыққан тағам), «Зерделі болса жеңешем» (ситуациялық сұрақтар). Жеңгелер мен қайынсіңілілер әр кезеңнен мүдірмей өтіп, бар өнерлерін ортаға салды. Бір жұп ән айтып, би билесе, басқалары керемет көздің жауын алатындай қолөнер бұйымдарын, әшекей тастардан жасалған зергерлік бұйымдарын көрсетіп, әділқазылар мен көрермендерді таң қалдырды. Тіпті, «Бармағынан бал тамған» кезеңінде қатысушылар қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын да дайындап әкеліп, оның тарихымен де таныстырып өтті. Сонымен қатар әзілі мен нәзік еркелігі жарасқан жеңгелер мен қайынсіңілілер тек қазақ халқының ұлттық тағамдарын ғана емес, мыласы бір жұп өзбек халқының биін билеп, дәмі тіл үйірер тағамдарын да ұсынды. Бойында өнері бар, қолынан көптеген нәрсе келетін жан-жақты жеңгелерінің жанында жүрген қаракөз қыздарымыз болашақта тек жақсы жағынан көрінеді деген ойдамыз. Сайысқа қатысқан жұптардың еңбектері бағаланып, төмендегідей орындарға ие болды:
І орын – Оңдасынова Жансая (жеңгесі)
Давлетова Аруназ (қайынсіңілісі) 3 «Г» сынып оқушысы
ІІ орын – Салықова Гүлсая (жеңгесі)
Редова Әсел (қайынсіңілісі) 9 «Б» сынып оқушысы
ІІІ орын – Сағындық Роза (жеңгесі)
Сағындық Мадина (қайынсіңілісі) 6 «Д» сынып оқушысы
ІV орын – Нысанова Ботакөз (жеңгесі)
Саттарова Инабат (қайынсіңілісі) 8 «Ә» сынып оқушысы
Сайыс соңында шара қонақтары, оның ішінде көпті көрген, жасы үлкен әжелеріміз ақ батасын беріп, қатысушыларымыз дайындаған түрлі тағамдардан дәм ауыз тиді. Осындай ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлеріміз дәріптелетін іс-шаралардың жиі өткізілуі жас ұрпаққа таптырмас тәрбие құралы болмақ. Қазақ отбасыларындағы қаймағы бұзылмаған туыстық қатынас әрдайым берік болсын! Ақылына көркі сай жеңгелер сырғалымдарға үлгі бола білсін!
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ