Талантты спортшы – Малика
Ауданымыздан шыққан талантты спортшылардың қатары күн санап көбеюде. Спортты жанындай жақсы көріп, ерекше ден қойып қатысатын жас жеткіншектердің болашағынан зор үміт күтеміз. Газетіміздің бүгінгі санында бойында қаршадайынан спортқа деген сүйіспеншіліктің ұшқыны бар, жүрегі «Елім!» деп соққан жас теннисші Малика Дошимова туралы оқырмандарымыздың назарына ұсынбақпыз.
Дошимова Малика Маликовна 2008 жылы 2 қазан күні Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Алға қаласының тумасы. Алға қаласындағы №3 қазақ орта мектебінде мектепке даярлық тобынан бастап 6 сыныпқа дейін оқып, 7 кластан бастап Алматы қаласындағы «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» мемлекеттік мекемесіне спорт саласында өзін әрі қарай дамыту мақсатында оқуға түседі. Бүгінгі таңда Малика аталмыш оқу орнының 10 сынып оқушысы.
Ата-ана үшін баланың жетістігі әрдайым оларға қуаныш сыйлайды. Олардың жеткен жетістіктерінің барлығы үлкен бақыт. Сол сияқты бүгінгі кейіпкеріміздің ата-анасы да спорт саласында жарқырап келе жатқан қыздарының болашағы үшін туған жерлерінен жыраққа кетіп, Алматы қаласына қоныс аударған. Анасы Нұргүл Ахматқызы Малика туралы былай дейді:
« — Малика кішкентай кезінен ерекше бала боп өсті. Өте алғыр, танып-білуге құштар болды. Екінші сыныптан бастап алтыншы сыныпқа дейін Алға аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне үстел теннисіне қатысып, көптеген жетістіктерге жетті. Қазақстанның барлық дерлік қалаларында өткен республикалық жарыстардан үнемі жүлделі орындармен келіп жүрді. Бүгінде Маликаның әрбір жеткен жетістіктері біліктілігі жоғары деңгейдегі екінші санатты жаттықтырушысы Сарбупин Арманбек Сегізбайұлының зор еңбегі деп білеміз. Әрдайым құрметтейміз. Кез-келген спортшының биік белестерден көрінуі тікелей оның жаттықтырушысына байланысты екені бәріне аян. Қызымыз Маликаға осы үстел теннисінің қыр-сырын бұлжытпай үйреткен Арманбек Сегізбайұлы Алға ауданынан қаншама спортшыларды жаттықтырып, жемісін көруде.
Ал, енді қызымның жеке қасиеттеріне тоқталатын болсам, Малика жауапкершілігі жоғары, бір нәрсені қолға алса соны соңына дейін жеткізбей қоймайды. Арманы асқақ, мақсаты айқын. Мінезі салмақты, қарапайым, кішіпейіл. Қызымыз болашақта осы спорт саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, тренер болып, егемен еліміздің көк туын әлем деңгейінде желбіретуді көздеп отыр. Арманы орындалсын дейміз! Біз отбасымызбен Маликаны әрқашан қолдаймыз, оған кәміл сенеміз! Жолы ашық, жеңістері көп болсын демекпіз!»
Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы «Шаңырақ» спорт мектебінде спортпен қатар сабағына да үлгереді. Қаншама жарыстарға барса да, білімін жетілдіріп, өте жақсы оқып үздік атанып келеді. Сонымен қатар қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша үстел теннисінен команда мүшесі және екінші разрядты спортшы. Малика бос уақытында көп жағдайда денесін шынықтырып, күш жинауға жұмсайды. Түрлі жаттығулар жасап, жүгіреді. Салауатты өмір салтын ұстанады. №3 Алға қазақ орта мектебінің жетістіктерге жеткен түлектеріне арналған Құрмет тақтасында да Маликаның фотосы ілініп тұр. Бұл дегеніңіз тынымсыз еңбектің, бағындырған белестердің нәтижесі. Өзі жап жас болса да, білім алған мектебі үшін мақтаныш боп жүр. Жас спортшының туған ағасы Айсүгір де қарындасының жарқын болашағына сеніммен қарап, ағалық қамқорлығын да көрсетіп келеді. Редакциямыздың атынан Дошимовтар отбасына Малика қыздарының тек жұлдызды сәттерін көруді тілейміз!
Гүлім КЕНЕШОВА