Тарихи жауапкершіліктен туындаған шешім

Қазір еліміздің саяси бағдары үшін аса маңызды сәт десек, артық бола қоймас. Осы бағыттағы ауқымды өзгерістердің аясында жаңа Конституциямыздың жобасы жарияланды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айшықтайтын тарихи құжат.
Тарихи жауапкершіліктен туындаған шешім

Сурет: alatau-zhuldyzy.kz

Жалпы, Конституциялық ре­фор­ма – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елі­міз­дегі сая­си жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған қадам. Осы мақсатпен Конституция­лық комиссия құрылып, іргелі жұ­мыс атқарылды.

Комиссия құрамында Ұлт­тық құрылтайдың мүшелері, белгілі заңгерлер, орталық мем­лекеттік органдарда жауапты қызмет атқаратын тұлғалар, БАҚ жетекшілері, мәслихат төрағалары, өңірлік қоғам­дық кеңестердің мүшелері және ғылыми-сараптамалық орта өкілдерінің болуы барлық аймақ пен әлеуметтік топтардың мүд­десін кеңінен ескеруді қамта­масыз етті. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасының іске асыры­луының жарқын көрінісі екені анық.

Талқылау үдерісі бірнеше кезеңнен тұрды. Ол сарапшылар арасындағы пікірталастармен қатар цифрлық платформа­лар мен кері байланыс тетік­тері арқылы ұйымдастырылған ауқымды қоғамдық дискуссия­ны қамтыды. Азаматтардан, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан түскен жүздеген ұсыныс жан-жақты сарапталып, ішкі тұрғыдан үйлескен бір­тұтас жобаға енгізілді. Отырыстар­дың тікелей көрсетілуі, ашық түсіндіру жұмыстары мен Комиссия мүшелерінің медиа­кеңістіктегі белсенділігі де қоғамның сенімін арттыруға әрі қабылданған шешімдердің заңдылығын күшейтуге елеулі ықпал етті.

Аталған ауқымды жұ­мыс­тың нәтижесінде Ата заңы­мыздың преамбуласынан бас­тап, негізгі бөлімдеріне дейін тұжырымдамалық өзгерістер енгізіліп отыр. Конституцияны кешенді түрде жаңартқан бұл жоба мемлекетіміздің даму философиясын түбегейлі жаңғыр­туды көздейді. Еліміздің ең басты құжатына бұрын болмаған жаңа баптар қосылып, қолданыстағы нормалардың заман талабына сай қайта қаралуы соның айқын дәлелі.

Қазіргі Конституцияның мазмұны мен негізгі мәнінде ХХ ғасырдағы ескі жүйеге тән белгілер бар екені белгілі. Әсі­ресе биліктің шамадан тыс ор­талықтандырылуы және оның қатаң вертикалға негіз­де­луі Әділетті Қазақстанға бағдар бола алмайды. Сондай-ақ ескі редакцияда ұлттық бірегейлік те нақты айқындалмағанын атап өткен жөн. Мұның бәрі ұлттың заман көшіне іле­сіп қана қоймай, алдыңғы легіне шығуына жол ашатын жаңа серпін қажет екенін көрсетеді.

Шын мәнінде, Конститу­ция – елдің ұзақмерзімді да­муының бе­рік негізі. Қоғам мен мем­ле­кеттің стратегиялық бағы­ты, ең алдымен, Ата заңда айқын­дала­ды. Сондықтан жаңа жобада елі­міздің алдағы ондаған жыл­дарға арналған саяси, әлеу­мет­тік және экономикалық даму бағ­да­­рын нақтылайтын, сондай-ақ тұ­­рақты әрі орнықты өсудің құ­қықтық іргетасын қалайтын басымдықтарға ерекше көңіл бөлінген.

Бұдан басқа, мемлекет­тің басты құндылығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары нақты әрі мазмұнды түрде бекітілген. Бұл – қысқамерзімді саяси шешім­дерге емес, ұрпақ алдын­дағы жауапкершілікке негіз­делген ұстаным. Осылайша, Конс­ти­туцияның ұсынылған жобасын қоғамды біріктіретін және болашаққа сенім қалыптас­тыра­тын рөлге ие деп айтуға толық негіз бар. Мұның бәрі кездейсоқ өзгерістер емес, жүйе­лі жаңғыру екені сөзсіз.

Бұл жаңғыру – Әділетті Қазақстанның жаңа конс­ти­ту­циялық моделін қалып­тастыру жолындағы батыл қадам. Өйткені жаңа Ата заң жобасында әділдік, заң үстем­дігі және тең мүм­кін­дік қағи­даттарына баса мән бе­ріл­ген. Әділеттілік формалды ұран емес, нақты құқықтық және институционалдық мазмұн­мен толықтырылып отыр. Сол арқылы мемлекет қоғам алдында есеп беретін, ал азаматтар өз құқықтарын қорғауда нақты тетіктерге ие болатын жаңа өзара қатынас моделі қа­лыптасады. Бұл – билік пен халық арасындағы алшақтықты азайтып, ашық әрі әділ басқару жүйесін орнықтырудың маңыз­ды жолы.

Жаңа өзгерістер Парла­менттің өкілеттігін күшейтуді және саяси жүйенің тиімділігін арттыруды көздейді. Сол арқы­лы заң шығарушы биліктің рөлі нығайып, өкілді органның Үкімет пен атқарушы билікке ықпал ету тетіктері кеңейеді. Мұндай қадам өкілді биліктің салмағын арттырып, халық­тың саяси үдерістерге қатысуы­на тың серпін береді. Парламент­тің күшеюі биліктің бір орта­лық­қа шоғырлануын шектеп, саяси жүйедегі ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде қабыл­данатын шешімдерде қоғамның мүддесі толық ес­керіледі.

Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік күшейіп, саяси жүйе бұрынғыдан да жинақы, айқын әрі нәтижеге бағытталған сипатқа ие болады. Мемлекеттік аппарат­тың қызметі формализмнен арылып, нақты қоғамдық сұра­ныстарға жауап беруге бейім­деледі. Мұндай жүйе ішкі тұ­рақ­­тылықты сақтаумен қатар, сырт­қы өзгерістерге де икемді әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы­лайша, қоғамның билікке де­ген сенімі нығаяды.

Жалпы, жаңа Конституцияны ішкі факторлар мен сыртқы сын-қатерлерге берілген салмақты жауап деп қабылдаймыз. Се­бе­бі әлемде орын алған тұрақ­сыз­дық, геосаяси өзгерістер және ішкі әлеуметтік сұраныс­тар мемлекеттің құқықтық негі­зін жаңаша қарауды талап етіп отыр. Бұл талаптар елдің конс­­ти­туциялық негіздерінде ескері­луге тиіс.

Жаңа Конституция жобасы ел егемендігі мен тәуелсіз­дігін сақтауға, аумақтық тұтас­тығын қорғауға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағыт­талған нақты құқықтық нормалармен толықтырылған. Бұл құжат мемлекеттің сыртқы қы­сым­дарға төтеп беру қабілетін арттырып, ішкі бірлікті сақтау­дың институционалдық негізін қалыптастырады. Сондықтан аталған жоба мемлекетіміздің бүгінгі және болашақтағы мүд­де­сі қатар қамтылған, заман­ға сай құжат екені анық.

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, жаңа Конституция жоба­сының мазмұны, баптардың атаулары, жаңа бөлімдердің мәні жай техникалық түзетулер емес, терең ойластырылған тұ­жырымдамалық жаңғырудың нәтижесі екені. Мәтіннің жатық, барынша түсінікті жазылуы да Ата заңның бюрократиялық тіл­ден бас тартқанын, анағұрлым жүйелі әрі жұмыр бола түскенін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, жаңа Конс­­ти­ту­цияның жобасын елі­міздің жарқын болашағына бағыт­талған жүйелі қадам деп қабыл­даймыз. Бұл – уақыт талабы, қоғам сұранысы және тарихи жауапкершіліктің тоғысуынан туындаған шешім. Әділетті Қазақ­стан идеясы енді тек саяси бағ­дар ғана емес, Ата заңмен бекітіл­ген нақты даму жолына айналып отыр.

Осы жолда ұлт болып ұйысу аса маңызды. Себебі Консти­туциялық реформаларды жүзеге асыру – тек биліктің емес, барша халықтың ортақ жауапкерші­лігі. Бірлік пен ынтымақ бар жерде ғана әділетті, қуатты және бәсекеге қабілетті мемлекет қа­лыптасады. Сондықтан барша отандасымызды осындай тарихи кезеңде Мемлекет басшы­сының айналасына топтасып, бірліктің озық үлгісін көрсетуге шақырамын.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы