Теңге — ұлттық валюта
1991 жылы Еліміз Егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет болған соң, өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз сияқты ұлттық валютамыздың да болуы заңдылық еді. Көп ұзамай 1993 жылы 15 қарашада төл валютамыз — Теңге айналымға енді. Алғашқы банкноталар Англияның «Harrison & Sons Limited» («Харрисон және оның ұлдары» ЖШС) деп аталатын фабрикасында басылып шықты. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Т.Сүлейменов, М.Алин, А.Дүзелханов, Қ.Ғабжәлеловтер банкноталарды жасауда көп еңбек етті.
Биыл төл теңгенің айналымға енгеніне 32 жыл толуда. Осыған орай В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде Алға музейінің ұйымдастыруымен «Теңге — мемлекет келбеті» тақырыбында іс-шара өтті. Сонымен қатар «Теңге тарихы» атты музей қорынан көрме қойылды. Ұлттық валютаға қатысты мақал-мәтелдер мен ырымдар айтылды. Шараға қатысқан 8-класс оқушыларына ежелгі қазақ жерінде ақша көптеген ғасырлар бұрын да пайдаланылғандығы, Отырар мен Исфиджабта монета сарайлары жұмыс істегендігі жайында; 1993 жылғы теңгенің авторлары, олардың тер төккен еңбектері туралы айтылды.
Ашып айтар болсақ, оқушыларға банкноталардың дизайнын жасауда теңгенің қасбетіне елімізге өшпес із қалдырған Әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбаев, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Әбілқайыр хан және Абылай хан сынды тарихи тұлғалардың бейнесі басылғаны айтылды (1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 теңгелер). Осылайша төл валютамыздың алғашқы легінде портреттік нұсқа болғаны, 1993 жылы тиындар әуелі қағаз түрінде шыққаны оқушылардың арасында қызығушылық тудырды. Олар: 1, 2, 5, 10, 20 және 50 тиындар. Кейін Өскемендегі Үлбі металлургия зауытынан қағаз тиындарды ауыстыратын алғашқы монеталар шығарылды.
Ұлттық валютаның екінші легі Қазақстанда басылып шығып, жаңа серия «Әл-Фараби» деп аталды (200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелер). Ұлттық валютамыздың үшінші түрі Бәйтерек бейнесімен 2006 жылы шықты. 2011 жылы «Самұрық» сериясымен жаңа теңгелер айналымға шықты. 2023 жылдың аяғынан бастап «Сақ стилі» сериясымен 5000 теңгелік банкнот айналымға шығарыла бастады. Бұлай өзгеріп отырудағы мақсат — ұлттық валютаның қорғанысын арттыру.
Көрмеге қойылған 1993 жылғы алғашқы теңгелердің үлгілерімен қатар, 2000, 2006, 2011, т.б. жылдардағы теңгелер және 1993 жылғы қағаз тиындар мен монеталар оқушыларға таныстырылды.
Қазақстан теңгелері Халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді және сапасы, дизайны мен технологияның жаңашылдығы үшін бірнеше марапатқа ие болған.
Қ.Ұзақбаева,
Алға музейінің
экскурсия жүргізушісі