Түлектер сағынышпен кездесті

 8 қаңтар күні №3 Алға қазақ орта мектебінде «Келешекке сеніммен: мектептен басталған жол» тақырыбында ерекше кездесу кеші ұйымдастырылды. Бұл шара мектеп түлектері мен қазіргі оқушылардың басын қосып, өткен жылдардағы естеліктерді жаңғыртуға, сағынышқа толы сәттерді бөлісуге мүмкіндік берді.

Білім ордасының түлектері мен оқушылары арасындағы байланысты нығайту, алдағы уақытта да бір-біріне қолдау көрсетуге бағыттауды көздеген кеш түлектердің мектепке, ұлағатты ұстаздарына деген алғысы мен сағынышын білдіруге, жастардың өзара тәжірибе алмасуына тамаша мүмкіндік берді.

Кездесу барысында түлектер алтын ұя мектебіне оралғандай күй кешіп, ұстаздарына ризашылықтарын жеткізді. 2023 және 2024 жылғы түлектердің сағынышқа толы жүрекжарды сөздері жиналғандарда ерекше әсер қалдырды. Олар өздерінің студенттік өмірдегі жетістіктерін, алған білімдерінің өмірдегі маңыздылығын әңгімелеп, жас буынға бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар, мектеп оқушылары түлектердің айтқан пікірлерінен шабыт алып, болашаққа деген сенімдерін нығайтты. Әсерлі кеш ән мен күйге толы болды. Мектеп түлектері өз естеліктерімен бөлісіп, бірге өткізген жылдарға қайта оралғандай болды.

Бұл кездесу – ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың үзілмейтінін, мектептің тек білім ордасы ғана емес, өмірлік жолдың бастауы екенін дәлелдеді. №3 Алға қазақ орта мектебі үшін бұл кеш – тәрбиелік мәні зор әрі жылы естеліктерге толы маңызды оқиғалардың бірі болып қала бермек.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА