Тұмаудан сақтану жолдары
Тұмау – ауа арқылы таралатын жұқпалы вирустық ауру. Бұл дерт адамнан адамға ауа-тамшы және қарым-қатынас арқылы беріледі. Тұмау эпидемиясы жыл сайын желтоқсан айында басталып, сәуір айына дейін созылуы мүмкін. Оның инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан жеті күнге дейін жалғасады.
Аурудың негізгі белгілері: дене температурасының 39-40°C дейін көтерілуі, бас ауруы (әсіресе қабақ үсті аймағы), әлсіздік, бас айналу, буындар мен бұлшықеттердің ауырсынуы. Бұл белгілер адамның еңбекке қабілеттілігін төмендетіп, кей жағдайларда қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін.
Тұмаудың алдын алу жолдары
Бүгінгі күні тұмаудан сақтанудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі – вакцинация. Сонымен қатар, келесі профилактикалық шараларды сақтау маңызды:
- Өзін-өзі емдеумен айналыспау. Егер тұмау белгілері пайда болса, дәрігерге хабарласып, үйге шақырту қажет.
- Бетперде тағу. Қоғамдық орындарда жүргенде бетперде тағып, инфекцияның таралу қаупін төмендетуге болады.
- Таза ауада серуендеу. Саябақтарда серуендеу тыныс алуды жақсарту, өкпенің желдетілуін арттыру және қан айналым жүйесін күшейту үшін пайдалы.
- Жеке бас гигиенасын сақтау. Қолды сабынмен жиі жуу және дезинфекциялық құралдармен залалсыздандыру қажет.
- Бөлмелерді желдету. Үйде және жұмыс орнында ауаны жиі желдетіп, таза ауа айналымын қамтамасыз ету маңызды.
- Дұрыс тамақтану. С дәруменіне бай өнімдерді (лимон, бал, таңқурай және т.б.) күнделікті тағам рационына қосыңыз.
- Дене шынықтыру. Жүйелі түрде денешынықтыру жаттығуларын жасау иммунитетті күшейтіп, ағзаны вирустарға төзімді етеді.
Тұмаудың алдын алу — әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауының көрсеткіші. Егер аурудың алғашқы белгілері пайда болса, уақытында дәрігерге жүгіну маңызды.
Есіңізде болсын, алдын алу шараларын сақтау сізді және жақындарыңызды тұмаудан қорғауға мүмкіндік береді.
Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы