Туған жердей жер болмас
Ақай ауылында «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» атты мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – алыс және жақын шет мемлекеттерде
тұратын жерлестермен және Ақайда туып, қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын танымал тұлғалармен танысып, олардың жасаған еңбектерімен жақынырақ танысу болды. Аталған шара екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімі Ақайдың «Фоменко» стелласының маңында ашылу салтанаты мен қонақтарды ұлттық дәстүрмен қарсы алудан басталды. Көп жылдар бойы ауылдық округке әкім болып еңбегі сіңген Әлия Сәрсен апамыздың бастамасымен Ақайдың «Қазына» әжелер тобы қонақжайлық көрсетіп, ұлттық құндылықтарды таныстырды. Сонымен қатар, қонақтар Күмісай Кожантаевамен бірге Ақай көрме залына шолу жасады. Екінші бөлімде «Дөңгелек үстел» отырысы өтті. Бұл бөлімде арнайы шақырылған қонақтар өз ойларымен бөлісті. Олардың қатарында құрметті профессор, ҚР ардагер энергетиктер кеңесінің мүшесі Сағын Тажикенов, құрметті профессор, тарих ғылымының докторы, Қазақ түркітану және моңғолтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Талғат Жумағамбетов, құрметті профессор, КСРО және Еуропа чемпионатының жеңімпазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әшім Кали, өлкетанушы Қалдыбай Құттымұратов, өлкетанушы, Ақтөбе географиясы оқулықтарының авторы, ҚР еңбегі сіңген қызметкері Райгүл Сергалиева, кәсіпкер-зейнеткер, елеулі еңбегі үшін «Алтын алқа» иегері, ҚР еңбегі сіңген қызметкері Шамшия Айжарықова қатысты.
Дөңгелек үстел барысында әртүрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылып, Ақайдың көрме залына қосымша құндылықтар табысталды. Бұл шараның нәтижесінде Ақай ауылында ұлттық мәдениет пен елге танымал тұлғалардың еңбегін дәріптеу және таныстыру бағытында маңызды қадамдар жасалды.
Аталған шарада Ақай ауылының тұрғындары мен жерлестері Алға ауданы әкімі Нұрбол Ержановтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Өткізілген шараның негізгі мақсаты – жергілікті және шет елдерде тұратын жерлестермен байланыс орнатып, олардың еңбектерін таныстыру арқылы ауылдың мәдени және рухани өмірін байыту болды. Осы дөңгелек үстел жиынының нәтижесінде Ақай ауылындағы мәдени шаралардың сапасы мен мазмұнын арттыруға бағытталған көптеген ұсыныстар мен жобалар әзірленді. Сонымен қатар, алдағы жұмыс жоспары айқындалып, тілек білдірген жандардың көмек көрсетуге дайын екендері мәлім болды. Ақай көрме залына жергілікті тұрғындардың қолдауы мен жанашыр адамдардың ниетінің арқасында көптеген жаңашылдықтар енгізілді.
Жиынның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен оның нәтижелі өтуі ауыл тұрғындарының мәдени өмірінің жоғары деңгейінде екенін білдіреді. Мәдени іс-шараның өтуі ауылдың мәдени өміріне жаңа леп беріп, жергілікті тұрғындар мен қонақтардың арасында достық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік туғызды.
Мәншүк САПАРОВА