Үйірменің үйретері көп

Алға ауданында дарынды балалар саны баршылық десек артық айтпаспыз… Әлбетте, балалардың дамуы мен тәрбиесінде ата-ананың тигізер рөлі зор. Ол айдан анық. Осылайша ата-анасы баласының дамуына ерте жастан бастап көңіл бөле бастайды. Бүгінде балаңыздың жан-жақты дамуына, көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндіктер асып-артылып жатыр. Бұл ретте, балалардың шығармашылығын шыңдайтын орталықтар мен клубтар, сондай-ақ үйірмелердің көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Осы тұрғыдан алғанда, ауданымыздың «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының шоқтығы биік…

Он бес жыл тарихы бар аула клубының бүгінде қанаты кеңге жайылып, ауданымыздың Тоқмансай, Тамды, Самбай, Есет батыр, Маржанбұлақ, Нұрбұлақ, Үшқұдық, Көктоғай, Бестамақ, Қарақұдық ауылдарында, сондай-ақ Алғамыздың №1, №3, №4 және мектеп-гимназиясында филиалдары жұмыс жасауда. Осылайша, тамырын тереңге тартқан білім мен өнер ошағында 2855 оқушы тәрбиеленіп келеді.

Әр оқушының ішінде тұншыққан қабілетін ашуды басты міндет қылған аула клубында сан түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Солардың бірі — «Apsaikling» қолөнер үйірмесі. Газетіміздің бүгінгі санында осы үйірменің жұмысы мен жетістіктері жайлы айтамыз.

Балаларға қосымша білім беруде оның білімін, шеберлігін көрсетіп қана қоймай, шығармашылыққа тарту арқылы танымдық қабілеттерін, қызығушылығын арттыруды, сондай-ақ жетістіктерін бағалауды, өздігінен еңбек етуге дайындап, іскерлігін дамытуды көздейтін үйірмеде 60 астам оқушы білім алуда. Бірінен-бірі өткен қолөнерші қыздардың қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.

  • Бүгінде әрбір ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді. Сол себепті кішкене күнінен түрлі қосымша үйірмеге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала белгілі бір өнерді үйреніп, білімді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласады. «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубына оқушы өзінің ынта-жігерін, ізденісін, бойындағы қабілетін дамыту үшін келеді. Ал біз педагог ретінде оқушының сол бойындағы қабілетіне қарай бағыт-бағдар беріп отырамыз. Біздің үйірмеде қыздар ең бастысы қолына ине ұстап, тігу мен тоқуды үйренеді. Бала кезінен икемділігін арттырып, қауіпсіздік ережелерін үйренеді, — дейді «Apsaikling» үйірмесінің жетекшісі Венера Чингизовна.

Үйірмелердің балаға беретін мүмкіншіліктерін тізіп айтатын болсақ, көп-ақ. Соның бірі, балаңыздың қатарластары арасында өзіне деген сенімділігінің артуы. Қазіргі қоғамдағы ең бастысы осы десек, артық айтпаспыз. Оған қоса, жас жеткіншектің интеллектуалды дамып, кәсіби бағдарлануына да мектептен тыс білім беру жүйесінің тигізер үлесі ерекше.

«Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» деп дана халқымыз айтқандай бұл үйірмелердің берері көп және жеткен жетістіктері де аз емес. Үйірмеден оқушылардың шығармашылық қабілеттері дамып, көркем эстетикалық көзқарастары қалыптасады. Небәрі 1 ай қатысқан қыздардың өзі кестелеп тігудің сырларын үйреніп алған. Үйірменің жетекшісі Венера Тукешеваның тәрбиеленушілері кестелеп тігуден бөлек, түрлі-түсті моншақтармен тоқу, тақтай бетіне күйдіріп сурет салу, папье-маше және қамыр пластика техникаларын меңгеріп алған. Бұған дәлел, аудандық «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубы қабырғасында өткен қолөнер бұйымдарының көрмесі. Басты мақсат – үйірме тәрбиеленушілерінің жұмысын қарап, баға беру. Бұл күні аудандық «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының есіктері бала болсын, ата-ана болсын, бәріне бірдей ашық болды. «Ашық есік» күні ата-аналар келіп, балаларының жұмыстарын көре алды. «Шеберлер әлемі» айдарымен ұйымдастырылған қолөнер жұмыстарының көрмесі келушілердің көңілінен шықты.

  • Балғын бала жас өскін шыбық сияқты. Бағыттаған жағыңа қарай бой түзеп өседі. Адамның жас күнінде үйренген машығы өмір бойғы кәсібіне айналған жағдайлар аз емес. Осы тұста балаларға тәрбие процесін ұйымдастыруда үйірме жұмыстарының алатын орны ерекше екенін айтқым келеді. Қолөнерде икемін арттырған әр қызға жарасады. Бұл үйірменің қызғалдақтарымыз үшін болашақта пайдасы тиетініне кәміл сенемін, — дейді жас қолөнерші Достова Айназдың әжесі Римма апа.

Аптасына бес рет өткізілетін қолөнер үйірмесінде 15 баладан 4 топ жасақталған. «Жастық жігер» аула клубының басқа мұғалімдерінің, сондай-ақ көрмеге келген ата-аналардың айтуынша, балалар жетекшілерін өте жақсы көреді, үйірме сабақтарын босатпайды екен. Балалар тіпті каникул кезінде де келіп жүреді. Тағы бір айта кететін жайт, үйірме ақысыз негізде жүргізіледі. Үйірме жетекшісі үнемі шығармашылық ізденісте, креативті идеяларды іздейді және өз дағдыларын жетілдіреді. Венера Тукешева шығармашылығының негізгі бағыты әртүрлі заттардан қолөнер бұйымын жасап шығару болып табылады. Олардың көпшілігін жасауда ол ескі майшамдар мен ағаштан жасалатын бұйымдар таңдауға тырысады. Біз де аталмыш бұйымдарды көзімізбен көріп, тәнті болып қайттық. Қызығы сол, ескі бұйымдарға жаңа дем бергенде, олар өзіндік бір ерекше стиліне енгендей. Майшамдардың көрмесі келген қонақтарға, балаларға ерекше әсер сыйлағандай болды.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың күш-жігерін дұрыс бағытта жұмсау және бойында тұнып тұрған туа біткен қабілетін ашу, өнерге баулу үйірме мұғалімдерінің қолында. Және де Венера Тукешевадай педагогтың жұмысын, сондай-ақ шығармашылығын шыңдау жолында жеткен жетістіктеріне қарап оның балаларды жан-жақты дамыту мақсатында және шығармашылық бағыт бойынша байыпты жұмыс жүргізетініне сенім білдіруге болады.

P.S: Иә, мектептен тыс үйірмелердің жұмысын көзбен көріп, көңіліміз марқайды. Неге дерсіз? Тек мектептің білімімен шектелмей, қосымша өнер, білім іздеген 3000 жуық жас толқынның барын білдік. Қосымша өнерді меңгеруге ұмтылғандардың ықыласы қуантпай қоймады. Өйткені мұндай мектептен тыс білім беретін ұйымдар білімқұмар шәкірттердің алдағы уақыттағы бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі болып табылады. «Жастық жігер» аула клубындағы үйірмелердің бәрі дерлік ақысыз түрде ұйымдастырылған. Себебі, мемлекеттік мекеме. Ендеше, осы бағытта ақысыз негізде үздіксіз жұмыс жасап жатқан аудандық аула клубынан дарынды балалар көптеп шыға берсін деген ниеттеміз! Жас толқынның дарындылығын дамыту жолында балалардың көкжиегі кеңейіп, мүмкіндіктер әлеуеті арта берсін дейміз!

 Мадина ТАЖИБЕКОВА