Үздік жас маман-2024

  Алға мектеп-гимназиясында жас мамандардың арасында «Үздік жас маман-2024» мектепішілік педагогикалық байқауы өтті. Мектеп әкімшілігі мен тәжірибелі ұстаздардың төрелігімен өткен байқауға алты жас маман қатысып, кәсіби біліктіліктерін орта салды.

 Жас педагогтердің шығармашылық әлеуетін көтеру, өзін-өзі дамыту, оқытуды жетілдіру барысында өзіндік көзқарастарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың шарттарына сәйкес жас мамандар үйден 2-3 минуттан аспайтын «Табысты ұстаз» бейнеролигін дайындап келді. Шығармашылық жұмысқа 15 минуттық «Менің ең үздік әдіс-тәсілдерім» тақырыбында тәжірибесінде қолданатын үздік әдіс-тәсілдерін көрсетті. Жас мамандардың теориялық дайындығын байқау мақсатында әділқазылар теориялық тапсырмалар мен жағдаяттарды ұсынды. Бұл тапсырмаларды орындауға 5 минут уақыт берілді.

 Байқау қорытындысына сәйкес тарих пәні мұғалімі Мөлдір Жұмағалиева «Бас жүлдені, бастауыш сынып мұғалімі Гулбану Бегалыева І орынды ұтып алды. ІІ орын химия пәні мұғалімі Асадбек Розымов пен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгерим Уксиккалиеваға бұйырса, ІІІ орынды ағылшын тілі пәні мұғалімі Жансая Батырханова мен бастауыш сынып мұғалімі Умит Казбекова иеленді.

 Жеңісті, жемісті күндеріңіз көп болсын деген тілекпен жас мамандарды жүлделерімен құттықтаймыз!

Мадина БОЛАТБЕКҚЫЗЫ