Ұлттық мереке аталып өтті
Тәуелсіздігімізге бастаған ұлық мереке Республика күні ауданымызда кең көлемде аталып өтті. Аудан орталығының орталық алаңына жиналған халық мазмұнды, салтанатты шараның куәсі болды.
 Биыл сонымен қатар мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға — 35 жыл. Анығырақ айтсақ, 1990 жылдың 25 қазанында өзге халықтармен тереземіз тең екендігін білдіретін тарихи және саяси маңызы бар құжат қабылдаған едік. Бұл құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Он үш жыл үзілістен кейін 2022 жылы қайта бекіген мереке бүгінгі күні барша қазақ елі үшін ұлт мерекесі, ұлық мереке болды.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев:
« — Құрметті жерлестер! 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл еліміз үшін маңызы жоғары мереке, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап, күткен жеңісі деп білеміз. Бүгінде Қазақстан әлемде жеке дара дербес мемлекет екенін дәлелдей білді. Бұл-үлкен мәртебе, мақтаныш. Бірлігіміз біте қайнасқан туған еліміздің өркендеуі жолында тер төгуге даяр тұратын ұрпағымыз көбейе берсін! Еліміз аман, келешегі кемел болсын!» — деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Мерекелік шара барысында ауданымыз бойынша игі істер атқарып, еңбегімен ерекше көзге түскен бірқатар қызметкерлер Ақтөбе облысының әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровтың Алғыс хатымен марапатталды:
- 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер, қайырымдылық шараларының тұрақты демеушісі — Жампейсова Райхангуль Баймашқызы;
 - 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер, қайырымдылық шараларының тұрақты демеушісі — Избасханов Амирхан Оңғарбайұлы;

 - Алға аудандық орталық ауруханасының соматикалық бөлімінің кіші қызметкері — Байымбетова Курманбике;
 - «Алға-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жылу желісінің мастері — Жомарт Галымжан Абдималикұлы;
 - Ақай орта мектебінің кіші қызметкері — Жангалиева Айжан Мажитқызы;
 - «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алға аудандық бөлімшесінің диспетчері — Абдуллаев Асылбек Төреғалиұлы;
 - Алға ауданы газ учаскесінің кіші қызметкері — Карашева Мира Батыққызы.
 
Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиевтің Алғыс хатымен марапатталушылар:
- Аудандық орталық кітапханасының кіші қызметкері — Қосжанова Жанкүміс Даниярқызы;
 - Алға индустриялық -техникалық колледжінің кіші қызметкері — Қазиева Анаргүл Молдағалиқызы;
 - Тамды ауылдық округі әкімі аппаратының кіші қызметкері — Рауза Даулетова;
 - Халыққа қызмет көрсету орталығының кіші қызметкері — Калия Мурадова;
 - Тоқмансай «Айналайын» бөбекжай балабақшасының бас аспазшысы — Нурмагамбетова Любовь Викторовна;
 - Алға ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі, полиция сержанты — Жаулыбаев Али Қанатұлы;
 - Алға ауданының мемлекеттік архивінің маман-архивисті — Ахмадиева Клара Асанқызы;
 - Алға аудандық пошта торабының пошташысы — Маншүк Салиева
 
Ұлық мерекені ұлықтауда ауданымыздың өнерпаздары халықты елжандылыққа шақыратын арнайы концертімен қуантып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл мереке егемендігімізді бағалап, болашағымызға зор үміт артуға септігін тигізетін қасиетті мереке десек артық айтпаспыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр шаңыраққа бақ дарып, ырыс ұяласын!
Марал САНДЫБАЙ