Ұлттық мереке ұлықталды

25 қазан – Республика күніне орай Алға аудандық мәдениет үйінде ел бірлігі мен егемендігін дәріптейтін «Жаса, Қазақстан!» атты мерекелік концерт өтті. Ұлттық мейрам аясында өткен бұл кеш әр алғалықтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, тәуелсіздігіміздің қадірін айрықша ұғындырған маңызды сәттердің бірі болды.

Салтанатты кештің шымылдығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туының сахнаға салтанатты түрде шығарылуымен ашылды. Бүкіл көрермен қолдарын жүректеріне қойып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бірге шырқады. Гимн әуені кеш қатысушыларының бойында патриоттық рух пен ерекше толғаныс сезімін оятты.

Шара барысында Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов ауданымыздың дамуына үлес қосып, еңбегімен ел есінде жүрген азаматтарды «Алғыс хаттармен» марапаттады. Ол облыс әкімі Асхат Шахаровтың атынан табысталған марапаттарды салтанатты түрде тапсырып, аудан игілігі жолында қажырлы еңбек етіп жүрген жандарға шынайы ризашылығын білдірді. Бұл марапат иелері арасында көктемгі су тасқыны мен дала өрттері кезінде ерлік көрсеткен азаматтар, ауданның тазалық акцияларына белсене қатысқан тұрғындар, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер, білім беру саласында үздік үлгі көрсеткен ұстаздар мен мамандар болды.

Кештің сәнін аудан өнерпаздарының әсерлі өнері кіргізді. Олардың жүрек тербетер әндері мен әсем би-қойылымдары көрермендердің жүрегін тебірентіп, ерекше мерекелік көңіл-күй

Screenshot

сыйлады. Әрбір ән мен би нөмірі ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, тәуелсіздікке деген құрметті паш етті. Өнерлі жастардың орындауындағы әсем әндер мен қойылымдар салтанатты шараның көркін ашып, әрбір жанға қуаныш пен мақтаныш сыйлады.

Бұл кеш — көпшіліктің туған жерге, қасиетті елге деген шынайы сүйіспеншілігін қайта сезінуге мүмкіндік берген тағылымды шара болды. Республика күніне арналған бұл мереке бір ғана ауданның емес, тұтас еліміздің бірлігі мен бауырмалдығын, болашаққа деген сенімін тағы бір мәрте айшықтап, тәуелсіздік жолындағы еңбектің маңыздылығын еске салды.

Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, болашағы жарқын болсын деген тілектер осы кеште талай жанның жүрегінде жаңғырып, ел бірлігіне деген сенімді нықтады. Еліміздің көк байрағы көгімізде мәңгілік желбірей берсін, Қазақстанымыз гүлдене берсін!

 

Марал САНДЫБАЙ