Ұлы тұлғаға тағзым

10 тамыз қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне орай аудандық кітапхана қызметкерлері орталық саябақта «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты  әдеби — сазды кеш ұйымдастырды.

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларын  насихаттау, жас ұрпаққа танытып, терең меңгерту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында кітапхананың тұрақты оқырмандары Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін нақышына келтіріп орындаса, кітапханашылар  терең мағыналы қара сөздерін оқыды. Аудандық мешіттің ұстазы А.Бахытжанұлы Абай шығармаларындағы діни және адами құндылықтар жайлы ой толғады.

Кешке арнайы шақырылған қонақтар ішінен зейнеткер кітапханашы М.Аманқұлқызы, аудандық «ЖАДЫРА» отбасыны қолдау орталығының директоры Д.Балтабайқызы, Алға аудандық білім бөлімінің әдіскері М.Нұрболұлы келіп жылы лебіздерін білдіріп, танымдық бағытқа арналған шаралардың жас ұрпаққа берер маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар оқырмандар назарына Хакім Абай жайлы зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың жазған ойлы сөздері ұсынылды. Жас әнші Айдарғали Айдана «Көзімнің қарасы» әнін тамылжытып орындау арқылы, көрермендерді  керемет күйге бөледі. Кеш соңында  Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жаналин Баймұрат Махамбетұлы «Хакім Абайды біртұтас ұлт болып ұлықтау-біздің перзенттік парызымыз» екенін атап өтті. Тағылымы мол шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан оқырмандарға «Алғыс хат» табысталса, «AMANAT» партиясы Алға аудандық филиалының «Алға жылу» бастауыш партия ұйымының төрайымы Г.Сагинбаевна Абай есімі ұлықталған әдеби кешке белсене қатысқан  оқырмандарға арнайы сыйлықтарын табыстады.

Өзі өлсе де артында мәңгілік өлмейтұғын асыл сөз қалдырған дара тұлға Абай Құнанбаевқа арнап өткізген аудандық кітапхананың шарасын халық ұйып тыңдап, керемет әсер алды. Әсем безендіріген алаңда арнайы ақын шағармашылығына арналған кітап көрмесі де жасақталды.

 

Марал Сандыбай