«Ұшқан ұя» шығармасы – халық қазынасы
25 қараша күні Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы аясында Кеңес одағының батыры, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы туралы пікір алысу кеші өтті.
Кеш басталмас бұрын шара қонақтарына жеті шелпек пен бауырсақтан ауыз тигізіп, құран бағышталды. Аталмыш шараға Алға аудандық ішкі саясат бөліміне ұзақ жылдар бойы басшылық еткен құрметті зейнеткер Бекжан Аппазұлы, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі, Алға аудандық филиалының аналары Күмісай Қожантаева, Күләш Ахметова, Аққағаз Тәжіғұлова, Айшолпан Басенова, Жұмақыз Ізбасқызы, Тұрсын Жаңбырбайқызы және «Жадыра» отбасылық құндылықтарды дәріптейтін орталықтың басшысы Бану Балтабайқызы, сол орталықтың заңгері Отарбай Пірімжанов қатысып, есімі ел есінде мәңгі сақталып қалған биік тұлға жайында ой-пікірлерімен, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге шараға №4 Алға орта мектебінің 8 сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Ақкенже Таджибаева қатысты.
Шараның мақсаты – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы отбасылық тәлім-тәрбиені, қазақтың салт-дәстүрін өскелең ұрпаққа жеткізу, батыр есімін ұлықтау.
«Ұшқан ұя» — автобиографиялық шығарма. Орыс тілінде 1956 жылы Калинин қаласының кітап баспасында шықты. Повесть қазақ тілінде алғаш рет 1975 жылы «Жазушы» баспасында Т.Иманбековтың аудармасымен жарияланды және 1976 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Жалпы бұл шығарма халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының балалық шағынан сыр шертеді. Шығарманы оқыған адам қазақ халқының ғасырлар бойы сақтаған салт-дәстүріне, ұлтымыздың руханияты мен тәлім-тәрбиесіне тәнті болады. Бір сөзбен айтқанда, батырдың аталмыш туындысы тұнып тұрған тәрбие. Бауыржан Момышұлы 3 жаста болған кезінде анасы Рәзия өмірден озып, ол әжесі Қызтумастың қолында тәрбиеленеді. Әжесінен аңыз әңгімелерді тыңдап өскен даңқты батыр шығармасында оқырмандарын адамгершілікке, адамның асыл қасиеттерін қадірлей білуге шақырады. Кеш барысында әрбір келген қонақ Бауыржан Момышұлы туралы бір-біріне ұқсамайтын деректермен бөлісіп, қатысушылармен пікір алысты.
Кеш қонағы, заңгер Отарбай Пірімжанов студент шағында батырмен өткен кездесуде болғанын баяндады:
« — Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезіміз болатын. Мен кітапханада отырған едім. Бір кезде Бауыржан Момышұлымен кездесу өтейін деп жатыр деген хабар келіп жетті. Бәріміз лекция залына жиналдық. Зал лық толы. Бір кезде бойы ұзын, денелі, кең иықты Бауыржан Момышұлы залға кіріп, студенттермен сәлемдесіп, кездесуді бастап кетті. Мінбеге мініп, соғыстың отты жылдарында болған оқиғаларын айтып бастап кетті. Зал тып-тыныш тыңдап отырды. Бір уақытта студенттер арасында сыбырласып әңгіме айтып отырған 3-4 жігіттің дауысы естілді. Батыр әңгімесін жалғастыра берді. Сыбырлаған дауыстар үдеп бара жатқасын, мінбені қолымен «Молчать!» деп дауыстап, бір ұрды. Бәріміз жалт қарадық. Жаңағы студенттердің дыбысы шықпай қалды. Әрі қарай тым-тырыс соңына дейін тыңдадық. Жанымыздан өткенде жүзіне қарағанымда көзі өткір екенін көрдім. Кез-келген адам ол кісінің бетіне тіке ұарай алмайтынын байқадым. Бірақ ол қатал болғанымен, өмірде көптеген адамдарға көмектескен мейірімді, жанашыр екендігін көпшілік халық айтады. Әрқашан жүрегі халқым деп соғатынын естіп, біліп жүрміз. Тарихта есімі алтын әріптермен жазылған тұлғамен кездесуім мәңгілік есімде жатталып қалды» — деп сөзін аяқтады.
Сонымен бірге кеш жүргізушісі мектеп оқушыларына шығарма бойынша сұрақтар қойып, жауаптар алды. Оқушылар да шара барысында рухани байлыққа толы әңгімелерді естіп, құнды ақпараттарға қанық болды. Кеш соңында барлық қатысушылар «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» аналарынан ғибратқа толы ақ батасын алды.
P.S. Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, жазушы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ерекше қанатты сөзін әрбір адам жадында сақтағаны абзалырақ. Себебі, бұл сөздің артында түсінген адамға үлкен мән жатыр. Оның аузынан шыққан әрбір сөз алтын, жауһардай қымбат. Адамды тек жақсылыққа, тәртіпке шақырады. Тіпті, қазіргі кезде адамға мотивация беретін құны аспандап тұрған психолог-коучтардың тренингтерінің керегі де жоқ.
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ